Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының мәліметінше қасиетті Құрбан айтта Алла Тағаланың бұйрығын дұрыс орындап, құрбандығымыз қабыл болуы үшін құрбандыққа қатысты мына мәселелерді білу қажет:
Бірінші: Құрбандық уәжіп болуы үшін қажетті шарттар
Құрбан шалу уәжіп болу үшін төмендегі мына шарттар болуы қажет:
Мұсылман болу;
Құрбан айт уақытында жолаушы болмау;
Негізгі қажеттерден тыс нисап мөлшеріндегі қаржыға ие болу. Нисап мөлшері – 85 грамм алтын яки құнына тең келетін ақша. Зекет ғибадаты сияқты құрбанның уәжіп болуы үшін нисап мөлшеріне жеткен малға бір жыл толу шарт емес. Құрбан шалған уақытта міндетті түрде ниет ету керек. Өйткені малды ғибадат үшін соятыны сияқты, тек қана етін пайдалану үшін де союға болады.
Ал нисап мөлшерінде артық қаражаты болмаса да кедей мұсылман кісінің құрбан шалуына болады. Шалған құрбандығы нәпіл құрбан үкімінде болады.
Екінші: Құрбан шалудың уақыты
Құрбан шалудың уақыты құрбан айттың бірінші күні айт намазынан кейін басталып, айттың үшінші күні ақшамға аз уақыт қалғанға дейін жалғасады. Қандай да бір маңызды шариғи себепке байланысты құрбан айт намазына бара алмай, айт намазын оқымаған кісі намаз оқып болатындай уақыт өткеннен кейін құрбанын шала беруіне болады. Айт намаздан бұрын шалынған мал құрбандық болып есептелмейді.
Үшінші: Құрбандыққа жарамды мал
Қой, ешкі, сиыр және түйе малдарын ғана құрбандыққа шалуға болады. Құрбан ретінде шалынатын қой және ешкі кем дегенде бір жасар, сиыр екі жасар, түйе бес жасар болуы керек. Қой мен ешкінің еркегін, сиырдың ұрғашысын шалу абзал. Елік, арқар сияқты аңдар мен тауық, қораз, қаз, үйрек сияқты құстар құрбан ретінде сойылмайды.
Қой немесе ешкіні тек бір адам құрбан ретінде шала алады. Ал сиыр немесе түйені, яғни ірі қараны бір кісінің жалғыз өзі үшін шалуына болады. Сондай-ақ жеті кісіге арнап, ортақ шалуларына болады. Құрбанды ортақтасып шалған уақытта әрбір адам құрбан шалу ниетімен ортақтасуы керек. Бір кісі құрбан үшін, ал екінші бір кісі тек қана етін алу ниетімен ортақтасса, шалынған мал құрбан болып есептелмейді.
Мынадай кемшілігі бар малдар құрбандыққа жарамсыз болып саналады.
Бір көзі соқыр
Сойылатын жерге жете алмайтын дәрежеде көтерем
Құлағы немесе құйрығы тумадан жоқ немесе басым бөлігі кесілген
Тістерінің көбі түсіп қалған
Емшектерінің басы жұлынып қалған
Бір мүйізі немесе екеуі де түбінен сынған.
Құрбан шалуы уәжіп болған кісінің құрбандық малында аталмыш кемшіліктердің біреуі сатып алғаннан кейін пайда болса немесе алған малы өліп қалса, қайтадан құрбандыққа жарайтын мал сатып алып шалуы керек. Ал құрбан шалу уәжіп болмаса да, сауап үшін шалуды ниет еткен кедей адамның сатып алған құрбанында бір кемшілік пайда болса, сол малды шала береді. Тіпті құрбан шалуы уәжіп болмаған кедей адам бойында кемшілігі бар малды сатып алып, құрбан ретінде шалуына болады. Өйткені кедей адамның шалған құрбандығы– нәпіл құрбан. Нәпіл ғибадатта кешірім бар.
Төртінші: Құрбандықтың шалыну көрінісі
Құрбандық шалғанда ең бірінші, Құрбан шалынатын жердің таза болуына көңіл бөлуі тиіс. Малды соятын жерге ұрмай-соқпай апарып, оны құбылаға қаратып, сол жағымен жатқызылады.
Құрбан шалатын адам малды қинамай жұмсақ бауыздауға мән беруі керек. Ол үшін өткір пышақ қолдану керек. Малдың көзінше пышақты қайрау – мәкрүһ. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
إِنَّ اللَّهَ كَتَبَ الأحْسَانَ عَلَى كُلِّ شَيْءٍ ، فَإِذَا قَتَلْتُمْ فَأَحْسِنُوا الْقِتْلَةَ ، وَإِذَا ذَبَحْتُمْ فَأَحْسِنُوا الذِّبْحَةَ ، وَلْيُحِدَّ أَحَدُكُمْ شَفْرَتَهُ ، وَلْيُرِحْ ذَبِيحَتَهُ
«Расында, Алла барлық істі ең көркем түрде (ихсанмен) істеуге бұйырған. Егер өлтіретін болсаңдар, онда оны ең көркем түрде істеңдер, егер құрбан шалатын болсаңдар, оны ең көркем түрде орындаңдар, пышақты қайрап, малды азаптан құтқарыңдар», – деген (имам Хаким).
Міне, мұның өзі асыл дініміздің адам тұрмақ, малдың өзіне жәбір көрсетпеу керек екенін ұқтырып отыр.
Құрбандық шалушы малды құбылаға қарата жатқызып, дұға ретінде мына аятты оқығаны абзал:
إِنَّ صَلَاتِي وَنُسُكِي وَمَحْيَايَ وَمَمَاتِي لِلَّهِ رَبِّ الْعَالَمِينَ لَا شَرِيكَ لَهُ ۖ
Мағынасы: «Менің намазым да басқа ғибадаттарым мен өмірім де, өлімім де бүкіл әлемдердің Раббысы бір Аллаға арналады. Оның еш серігі жоқ» («Әнғам» сүресі, 162-аят).
Осыдан кейін:
اللهُ أكْبَرُ اللهُ أكْبَرُ, لا إلَهَ إلاَّ اللهُ وَاللهُ أكْبَرُ, اللهُ أكْبَرُ وَلِلَهِ الْحَمْدُ
«Аллаһу әкбар, Аллаһу әкбар лә илаһа иллаллаһу, Аллаһу әкбар, Аллаһу әкбар уа лиллаһил-хамд» – деп, тәкбір айтып, «Бисмиллаһи, Аллаһу әкбар» – деп бауыздалады. Тек қана құрбанның иесінің ғана «Бисмиллаһи, Аллаһу әкбар» – деуі жеткілікті емес. Құрбанды бауыздаған адам да «Бисмиллаһи, Аллаһу әкбар» – деуі керек. Әдейі (ұмытпастан) «Бисмиллаһ» деп айтпаса, құрбанның етін жеуге болмайды. Өйткені Алланың аты айтылып, бауыздалмаған малдың етін жеу – харам. Жәбир (Алла оған разы болсын) Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) құрбан шалғанда:
بِسْمِ اللَّهِ وَاللَّهُ أَكْبَرُ هَذَا عَنِّي وَعَمَّنْ لَمْ يُضَحِّ مِنْ أُمَّتِي
«Бисмиллаһи, Алла ұлық! Бұл менің атымнан және үмметімнен құрбан шалуға шамасы жетпегендердің атынан», – дегенін риуаят етеді (имам Әбу Дәуід).
Құрбанның иесі құрбанды бауыздайын деп жатқан қасаптың қолының үстіне қолын қойып, бірге бауыздаса, екеуінің де «Бисмиллаһ» деп айтуы керек. Сойылатын мал құрбан ниетімен бауыздалуы қажет. Малдың жаны шыққаннан кейін барып қана терісі сыпырылады. Жаны шықпай жатып басын кесіп алып тастау немесе терісін сыпыру – мәкрүһ.
Құрбандық малын мүмкіншілік болса, мойнына уәжіп болған адамның өзі шалғаны абзал. Және оның сауабы мол. Алайда өзге біреуге өкілдік беруіне де болады. Құрбан шалуы уәжіп кісі басқа бір адамды телефон арқылы немес хат сияқты жолдармен өзінің орнына басқа адамды өкіл ретінде құрбан шалуы үшін тағайындай алады. Өкілге «менің орныма құрбан алып, шал» деп айтылған уақытта, өкіл сол адамның атына құрбан алып шалады.
Өмірден қайтқан кісі өзінің атына құрбан шалуды тапсырып кетпесе де, сауабын өліге бағыштау ниетімен құрбан айт күндерінде құрбан шалуға болады. Шалған құрбанының етінен жеуіне рұқсат. Бірақ өмірден озған адамның тапсырып кеткен өсиетін орындау ниетімен шалған құрбанының етінен жеуге болмайды. Етін толық садақа ретінде тарату керек.
Бесінші: Құрбандыққа шалынатын малдың еті мен терісі
Бай немесе кедей болсын құрбан айтта шалған құрбандығының етін жеуіне болады. Құрбандыққа шалынған малдың етін үш бөлікке бөліп тарату – мұстахап. Бір бөлігі – туған-туыс, көршілеріне бай болса да сыйға тартылады, екінші бөлігі – кедей және мұқтаж адамдарға, үшінші бөлігі – өзінің отбасына, бала-шағасына беріледі. Бірақ шалынған малды түгелдей кедей-мұқтаждарға таратуға болатыны сияқты, түгелдей өзінің отбасына қалдыра алады. Алла Тағала қасиетті Құранның «Хаж» сүресі, 28-аятында:
فَكُلُوا مِنْهَا وَأَطْعِمُوا الْبَائِسَ الْفَقِيرَ
«(Құрбанның етінен) өздерің жеңдер әрі міскіндер мен кедейлерге жегізіңдер», – деп айтқан.
Ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) шалған құрбан малының етін қалай таратқандығы турасында Ибн Аббас (Алла оған разы болсын) былай дейді: «Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) шалған құрбандығының үштен бірін – отбасына, үштен бірін кедей көршілеріне, қалған үштен бірін садақа ретінде тарататын».
Уәжіп болсын, нәпіл болсын құрбандыққа шалынған малдың етін, терісін, сирақ-басын және сүтін сату – мәкрүһ. Құрбан малының аталмыш бөлшектері сатылған жағдайда құны кедейлерге садақа ретінде беріледі. Құрбанға шалынған малдың ешқандай бөлшегінен қасаптың ақысы ретінде төлеуге болмайды. Қасапшының ақысы бөлек төленуі қажет. Хазіреті Әли (Алла оған разы болсын): «Алланың Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) түйелер құрбандыққа шалынған уақытта басында тұруымды және терілері мен жүндерін таратуымды әмір етті. Олардың ешбір нәрсесін қасап ақысы ретінде беруге маған тыйым салды. Қасап ақысын біз өзіміз береміз», – деген (имам Муслим).
Қадірменді жамағат!
Алла Тағала қасиетті Құранның «Хаж» сүресінің 34-аятында:
وَلِكُلِّ أُمَّةٍۢ جَعَلْنَا مَنسَكًا لِّيَذْكُرُواْ ٱسْمَ ٱللَّهِ عَلَىٰ مَا رَزَقَهُم مِّنۢ بَهِيمَةِ ٱلْأَنْعَٰمِ ۗ
«Біз әрбір үммет үшін өздеріне берген малдардан, Алланың атын атап құрбан шалуды бекіттік», – деген.
Шариғатта адамның шамасы келмейтін міндеттемелер жоқ. Сол себепті де жоғарыдағы айтылып кеткен құрбандық шалу үшін қажетті шарттар болмаса, адамның нисап мөлшеріне жететін қаржысы болмаса, ол адамның құрбандық шалуы міндетті емес. Бірақ қажетті шарттардың барлығы орындала тұра, құрбандық шалмау да дұрыс емес. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
مَنْ وَجَدَ سَعَةً فَلَمْ يُضَحِّ فَلَا يَقْرَبَنَّ مُصَلَّانَا
«Кімде-кім мүмкіншілігі бола тұра құрбан шалмаса, біздің намаз оқитын жерімізге жақындамасын!» – деген (ибн Мәжә).
Алла Тағала барша мұсылман қауымының құрбандық күндері шалған құрбандықтарын қабылдыққа жазып, атқарған әрбір ізгі амал-әрекеттеріне сауаптан жазғай!
ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімі