31 қаз, 2023 сағат 11:35

Шахтадағы апат: қаза тапқан 46-шы кеншінің дене бөлшектері табылды

Фото: Sputnik, Konstantin Mihalchevskiy

Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов Үкімет отырысында "АрселорМиттал Теміртау" компаниясына қарайтын Костенко шахтасындағы апаттан қаза тапқан адамдардың саны 46-ға жеткенін мәлім етті, - деп хабарлайды агенттігі "Ұлт ақпарат".

Ведомство басшысының айтуынша, 28 қазанға қараған түні Костенко шахтасында 700 метр тереңдікте өрт шығып, кейін метан-ауа қоспасы жарылған. Оқиға орнына дереу «Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабы» ЖШС Қарағанды филиалының күштері жұмылдырылған.

"Бүгінгі күні іздестіру-құтқару жұмыстары барысында 45 кеншінің денесі және алдын-ала болжам бойынша, қаза тапқан 46-шы адамның дене бөлшектері табылды. Қайтыс болған 40 адамның жеке басы анықталды, алтауы әлі белгісіз. Оларды сәйкестендіру үшін тиісті сараптамалар жүргізіледі.

Іздеу жұмыстары электр энергиясының болмауымен, тау-кен қазбаларының ұзындығымен, көптеген бұзылған механизмдердің болуымен қиындады. Су басқан жекелеген тау-кен қазбаларында жұмыс жасау қиынға түсті" - деді министр.

Шәріпхановтың айтуынша, қазіргі уақытта ашық жану ошақтары жоқ, газ жағдайы қалыпты. Шахтаның қызметін қалпына келтіру үшін тау-кен қазбаларын зерттеу және жекелеген учаскелерде су сору жұмыстары жүргізіліп жатыр.

«Аварияның себептерін тергеп-тексеру шеңберінде Үкіметтік комиссия мүшелерімен бірге шахтаға түстім. Біз өте маңызды бұзылуларды анықтадық. Тау-кен қазбаларында шахта жабдықтары жылжып кеткен. 15-тен астам оқшаулағыш бөгет пен желдету құрылысы қираған», - деп атап өтті министр.

Ведомство мәліметінше, бүгінде тағы 7 шағын комиссия құрылып, жұмыс істеп жатыр. Сонымен қатар тергеуге Қазақстаннан және шетелдерден сараптамалық ұйымдар тартылған.

Айта кетейік, авария кезінде ауысымда 252 кенші болған, оның 201-і өздігінен көтеріліп, 5-і тау-кен құтқару күштерімен табылып, жер бетіне шығарылған.

Жалпы, 30 қазаннан бастап Қарағанды облысының бес шахтасында (Абай, Саран, Шахтинск, Күзембаев және Ленин атындағы) өндіру процестері қайта жанданды. «Тентек» шахтасында тек дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. «Қазақстан» шахтасында оның қарқынды жұмыс істеуі үшін барлық жұмыстар қамтамасыз етілуде және аэрогаз жағдайы бақылауда.