фото: andresr / Getty Images
Қарағанды облысы Костенко атындағы шахтада болған апат салдарынан қаза болғандар саны 45-ке жетті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Төтенше жағдайлар министрлігіне сілтеме жасап.
"Костенко атындағы шахтада аварияны жою жөніндегі жедел штаб тәулік бойы жұмыс істеп жатыр.
Сағат 20.00-дегі жағдай бойынша 45 кеншінің денесі табылды, 1 кеншіні іздеу жалғасуда. Жұмыстар бір-бірінен шамамен 6 км қашықтықта орналасқан екі өндіру учаскесі ауданында жүргізілуде. Кеншілер орналасуы мүмкін ықтимал учаскелерге тау-кен құтқарушыларының өтуінің барлық мүмкін жолдары пысықталып жатыр" - делінген хабарламада.
Ведомство мәліметінше, апаттың болжамды эпицентрін тексеру үшін ТЖ министрі Сырым Шәріпханов шахтаға түскен.
"Тексеру барысында өрт пен жарылыстың әсеріне ұшыраған қазбалар қаралды, онда:
- шахта жабдығының бұзылуы және жылжуы;
- металл-аркалы бекіту элементтеріндегі шаң шөгінділері;
- желдету құрылыстарының зақымдануы анықталды.
Көзге көрінетін жану ошақтары жоқ, газ жағдайы қалыпты. Сонымен қатар Сырым Шәріпханов аварияны тергеу жөніндегі Үкіметтік комиссия мүшелерімен отырыс өткізді" - делінген хабарламада.
Жұмыстарды жан-жақты қамтамасыз ету ТЖ министрінің жеке бақылауында. Жұмыс жалғасып жатыр.