23 там, 2016 сағат 18:56

Сейтқазы Матаев тендерді заңсыз ұтып алған


Бүгін Астанадағы №2 Есіл аудандық сотында Сейітқазы және Әсет Матаевтардың қылмыстық ісі бойынша басты сот отырысы басталды. Бұған дейін хабарланғандай, бұл сот ашық жағдайда өтіп жатыр. Процестен хабар таратуға келген журналистер сот залынан тікелей трансляция жасалып отырған арнайы жабдықталған баспасөз залында жұмыс істеуде.

Сотқа жауап беруге келгендер және олардың қорғаушылары сотқа ешқандай өтініш хаты жоқтығын мәлімдеді. Одан кейін сөз кезегі мемлекеттік айыптаушыға берілді. Оның сөзінен мәлім болғанындай, 2010-2015 жылдар аралығында Сейтқазы және Әсет Матаевтар өзінің қызметтік бабын пайдалана отырып, алдау және сенімге қиянат ету жолымен мемлекеттік сатып алу саласында жалпы сомасы 169 млн. теңгені құрайтын ірі көлемдегі қаражатты қымқырған. Бұл қаражат мемлекеттің ақпараттық саясатын насихаттауға бөлінген. Алайда сайып келгенде ол Матаевтардың қалтасын қампайтыпты.

Бұған қоса, Сейітқазы Матаев өзінің жеке басының беделін пайдалана отырып, «Қазақтелеком» АҚ-ның 143 млн. теңгеге жуық ақшасын ұрлаған. Мұндай соманы компанияның есебіне өндіріп алу жөнінде зардап шеккен тараптың өкілдері мәлімдеді. Атап айтарлығы, компания өкілдері бірауыздан мәлімдегендей, С. Матаев тендерді заңсыз ұтып алып отырған, ал атқарылған жұмыстардың актісін ешкім тексермеген.

Сонымен қоса, С. Матаев 200 млн. теңгеден астам салықты төлеуден жалтарған көрінеді. Бүгінге дейін ол көрсетілген соманың шамамен 47. млн. теңгесін мемлекетке төлеп қайтарды.

Әмірлан Әлімжан