Суретті Қазақстанның Корея Республикасындағы Елшілігі ұсынды
Сеул (Оңтүстік Корея) мэриясы ғимаратының қасбеті екі елдің дипломатиялық қарым-қатынасының 30 жылдығына орай Қазақстан туының түсіне боялды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"2022 жылғы 28 қаңтарда Қазақстан Республикасы мен Корея Республикасы арасындағы дипломатиялық қатынастар орнағанына 30 жыл толуына орай Сеул қаласы мэриясы ғимаратының қасбеті Қазақстан туының түстеріне боялды.
Осы атаулы күнді мерекелеу аясында Сеул қаласының орталық алаңында қазақстандық студенттердің, диаспора өкілдерінің, сондай-ақ, Қазақстан елшілігі қызметкерлерінің қатысуымен флешмоб өтті", - деді Қазақстанның Оңтүстік Кореядағы елшілігі өкілі.
Флэшмобты Корея Республикасы Сыртқы істер министрлігінің, Сеул мэриясының өкілдері және Хангук шет тілдер университетінің оңтүстік кореялық студенттері қолдады.
Сонымен қатар, Пусан қаласындағы Хеунжэ жағажайы бойында жергілікті билік 80 құттықтау баннерін орналастырды.
Корея Республикасының Қазақстандағы елшісі Ку Хонг Сок құттықтау сөзінде Орталық Азия елдері арасында Қазақстан Кореямен сауда және инвестиция көлемі бойынша жетекші ел екенін, ал Қазақстан үшін Корея көлемі бойынша төртінші сауда серіктесі саналатынын айтты.
"Корея алдағы уақытта да Қазақстанның қиындықтарға тап болып, тұрақтылық пен бейбітшілікке қол жеткізуі үшін күш-жігер жұмсап, жәрдемдеседі. Сондай-ақ, екі ел арасындағы стратегиялық серіктестікті одан әрі кеңейтуге күш саламыз", - деп уәде берді ол.
1045 рет оқылды