14 мау, 2023 сағат 16:12

Серік Күдебаевтың елден қалай қашып кеткені белгілі болды

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy

Бас прокуратура Алматы облысы полиция департаментінің бұрынғы басшысы Серік Күдебаев елден қалай қашып кеткенін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Бас прокурордың орынбасары Жандос Өмірәлиевтің айтуынша, қашқын генерал-майор шекарадағы өткізу бекетінен өтпеген.

"Оның берген жауабына сәйкес, ол Кеген ауданында шекарада темір тордың астын көтеру арқылы өтіп кеткен", деді Өмірәлиев Мәжіліс кулуарында.

Оның айтуынша, Күдебаевтың елден қашу фактісі бойынша қозғалған қылмыстық іс аяқталған және сотқа жолданған. Ең басты айыпталушы - Күдебаевтың өзі.

"Ол біздің шекарамыздан тыс жерден Қырғызстан мемлекетіне өткен. Оны шекараға жеткізген көлік жүргізушісі мұндай әрекетке баратынынан бейхабар болған. Сол себепті өзі ғана жауапқа тартылып жатыр", - деп нақтылады Бас прокурордың орынбасары.

Ол сондай-ақ Күдебаев осы қылмысы үшін қосымша жаза арқалайтынын айтты.

Еске салсақ, биыл 3 сәуірде Алматы облысы полиция департаментінің бұрынғы басшысы Серік Күдебаевқа іздеу жарияланды. Оған экс-полицейдің елден қашуы себеп болды.

23 наурызда Күдебаев қазақ-қырғыз шекарасын кесіп өтіп, сол күні Бішкектен Стамбулға ұшып кеткен. Ұлттық қауіпсіздік комитеті шетелге қашқан Күдебаев шекарадан ресми жұмыс істеп тұрған өткізу бекеттері арқылы өтпегенін мәлімдеді.

Серік Күдебаевқа қаңтардағы тәртіпсіздіктер кезінде қызмет бабын асыра пайдаланды деген айып тағылған болатын. Прокурор оны 9 жылға бас бостандығынан айыруды сұрағаннан кейін генерал-майор сотқа баруды тоқтатқан. Отырыс генералдың келмеуіне байланысты 5 рет кейінге шегерілді.

27 сәуірде Серік Күдебаевтың ұсталғаны хабарланды. Ресми ақпарат бойынша, ол Түркияда ұсталып, арнайы бортпен Қазақстанға қайтарылған. Алайда оның отбасы Күдебаев өз еркімен елге оралғанын мәлімдеді.

28 сәуірде Талдықорған қалалық сотының үкімімен Серік Күдебаев Қылмыстық кодекстің 146-бабы 2-тармағы 1-тармақшасы "Азаптау" және 362-бабы 4-тармағы – Билікті немесе лауазымдық өкілеттігін асыра пайдалану" баптары бойынша кінәлі деп танылып, 10 жылға сотталды. Ол жазасын қауіпсіздігі орташа колонияда өтейді.

Айта кетері, Серік Қүдебаев Алматы облысының полициясын 2020 жылдың қаңтарынан 2022 жылдың қаңтарына дейін басқарды. Бұған дейін ол алты жылдан астам Алматы полициясы департаментінің бастығы болған.