25 қаң, 2022 сағат 18:47

Сенаторлар мүгедектігі бар адамдарды қолдауға арналған заң жобасын әзірледі


Сенатта Палата Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен іс-шара өтті.

Онда мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын жақсартуға арналған заң жобасы көпшілікке таныстырылды. Сенаторлар бастамашы болған бұл заң жобасын бір топ Парламент депутаты әзірледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Парламенті Сенатының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

«Мемлекет басшысы мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғауға үнемі баса мән беріп келеді. Осы саладағы ұлттық заңнаманы жетілдіру ісі де Президентіміздің тапсырмасы бойынша қолға алынды», – деді жиынды ашқан Мәулен Әшімбаев.

Сондай-ақ Сенат төрағасы өкінішке қарай елімізде ерекше қажеттілігі бар адамдардың азаймай отырғанын, сондықтан оларға заңнамалық тұрғыдан қолдау көрсетудің маңызы зор екенін айтты. Осыған орай депутаттар заң жобасында аурудың алдын алу, медициналық қызметтің және білімнің қолжетімділігі мен сапасын арттыру сияқты нақты шаралар ұсынып отыр.

«Қазіргі таңда елімізде мүгедектігі бар 700 мыңға жуық адам тұрады. Өкінішке қарай, жыл сайын 50 мыңнан астам азамат алғаш рет мүгедектігі бар адам деп танылады. Бұл аз көрсеткіш емес. Соның ішінде балалар арасындағы мүгедектік бізді ерекше алаңдатады. Мұның бәрі денсаулық сақтауды және аурудың алдын алуды дамыту керектігін көрсетеді. Ерекше қажеттілігі бар азаматтар үшін медициналық қызметтердің және білім берудің қолжетімділігі мен сапасын арттыру шараларын да одан әрі күшейту маңызды», – деді Мәулен Әшімбаев.

Былтыр аталған заң жобасын дайындау үшін Сенат жанынан арнайы жұмыс тобы құрылған еді. Оның құрамына 55 адам енді. Олардың қатарында Парламент депутаттары, мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес және халықаралық ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ, мүгедектігі бар адамдар бар. Жұмыс тобы елімізде мүмкіндігі шектеулі адамдардың өмір сүру сапасын арттыру үшін 500-ден астам ұсыныс әзірледі.

«Бұл құжат мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту мәселелері бойынша жұмысты жүйелі түрде қолдауға арналған. Осыған орай заң жобасына оларды әлеуметтік қорғауға қатысты нақты нормалар енгізіліп отыр. Сонымен қатар денсаулық сақтау, арнаулы әлеуметтік қызметтер, білім беру бағытындағы бірқатар ұлттық заңнаманы жетілдіруді көздейді», – деді Сенат төрағасы.

Жұмыс тобының жетекшісі, сенатор Ақмарал Әлназарованың айтуынша, заң жобасы мүмкіндігі шектеулі азаматтар күнделікті кездесетін нақты проблемаларды шешуге бағытталған.

Мысалы, бұрын мүгедектігі бар баланы шипажай-курорттарда тегін емдеу кезінде онымен бірге еріп жүретін адам жолдаманың құнын өз қаражатынан төлеуге тиіс еді. Егер еріп жүретін адамның төлейтін қаржысы болмаса, бала да шипажай-курортта тегін емделуден қағылуға мәжбүр болады. Осыған орай сенаторлар еріп жүретін адам үшін жолдама құнының 70 пайызын өтеуді ұсынып отыр. Бұл оңалту шараларының қолжетімділігін қамтамасыз етуге және жыл сайын 13 мыңнан астам адамды қосымша қамтуға мүмкіндік береді.

Жұмыс тобының тағы бір нақты ұсынысы 3-топтағы мүгедектігі бар бар адамдар үшін жеке нотариустардан нотариаттық қызметтерді тегін алуға жағдай жасау. Бұдан басқа, егер есту және көру қабілеті бойынша мүгедектігі бар азаматтар сот отырыстарына қатысқан кезде оларға ымдау тілін, Брайль әліпбиін білетін аудармашының қызметтерін тегін ұсыну, сондай-ақ, сурдотехникалық, тифлотехникалық құралдарды пайдалану сияқты ережелер жазылған. Заң жобасының бастамашылары кедергісіз орта қалыптастыру үрдісін жеделдету үшін қалалық маршруттарға жолаушылар көлігін сатып алған кезде мүгедектігі бар адамдарға бейімделген автобустарға басымдық беру нормасын ұсынды. Сондай-ақ бастамашылардың ұсынысына сәйкес таксопарктердегі әрбір оныншы көлік инвотакси болуға тиіс.

Іс-шара барысында мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмысқа орналастыру, оларды тұрғын үйлермен, сапалы біліммен қамтамасыз ету және балалардың ағзасына зиянды, мүгедектікке әкеліп соғуы мүмкін өнімдерді қолдануға үндейтін жарнамаларға тыйым салу мәселелері де талқыланды.

Кездесуге Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов, салалық министрліктердің, мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың басшылары және осы мәселе бойынша белсенділігімен танылып жүрген мүгедектігі бар азаматтар қатысты.

Жиынды қорытындылаған Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев заң жобасын әзірлеген жұмыс тобының мүшелеріне алғысын білдірді. Сондай-ақ ол заңнаманы одан әрі жетілдіру, мүгедек адамдардың өмір сүру сапасын арттыру және оларға өз әлеуетін іске асыруға барынша жағдай жасау үшін тиісті жұмысты әрі қарай жалғастыра берудің маңызды екенін айтты.