Сенатор Ләззат Рысбекова Премьер-Министрге жолдаған депутаттық сауалында Жайық өзенінің экожүйесін жақсарту және трансшекаралық ластануына қатысты мәселе шешілмей отырғанын мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".⠀
«Өткен жылы Халықаралық геодезиялық ұйым өзеннің ластануы бесінші, ең соңғы деңгейде екенін айтты. Соған байланысты адамдар үшін өзен суы пайдалануға жарамсыз деп таныды. Соңғы бес жылда Жайық өзені тіпті таязданып, кеме қатынасы мүлде мүмкін болмай қалды. Бұрын су шайып жататын жерлер құрлыққа айналып барады. Бүгінгі таңда Жайықтағы су деңгейінің төмендеуі рекордтық көрсеткішке жетті», – деді Ләззат Рысбекова Парламент Сенатының отырысында.
Депутаттың айтуынша, таяздану мәселесі Жайық өзені бассейнінің флорасы мен фаунасының нашарлауына, өңірдің ауыл шаруашылығы өнімділігінің төмендеуіне, сондай-ақ, облыстың елді мекендерін ауыз сумен қамтамасыз етуге де теріс әсер етеді. Сенатор соңғы жылдары су жеткіліксіз болғандықтан, Жайықтан қор алатын каналдар мен тоғандар кеуіп, өзен жағасындағы жасыл желектер қурағанын атап өтті.
Қазіргі су тапшылығы – Жайық өзенінің жоғары ағысының шамадан тыс реттелуінің салдарынан туындап отыр. Башқұртстан Республикасы мен Орынбор облысында 13 ірі су қоймасы (көлемі 10 млн текше метрден астам), күрделі құрылымды 80-ге жуық су торабы және шағын өзендерде 3100-ден астам жер бөгеттері, сондай-ақ, өзеннің негізгі қорларындағы бірқатар ұсақ су қоймалары, көптеген тоғандар бар. Олар су мол болған жылдары көктемгі ағын суының 40-50 пайызын, ал аз болған жылдары 85 пайызына дейінгі мөлшерін бөгеп қалады.
«Батыс Қазақстан облысының оңтүстік аумақтары шөлді аймақта орналасқан. Сондықтан бүгінде ол жерлерді сумен қамтамасыз ету мәселесі өте өзекті. Соңғы үш жыл ішінде Жайықтағы судың аздығынан аудандардағы каналдар мен көлшіктерге жеткілікті мөлшерде су бармайды. Соның салдарынан жайылымдар құрғап жатыр. Соған байланысты ауыл тұрғындары үшін мал басын жоғалту қаупі туындап отыр», – деді сенатор.⠀
Ләззат Рысбекова өз сауалында тұрақты жұмыс істейтін Қазақстан-Ресей комиссиясын құруды, Жайық бассейні бойынша ішкі проблемаларды шешетін жүйелі халықаралық бағдарлама әзірлеуді ұсынды. Сенат депутаты Жайық өзенінің өзін, оның таяздану себептерін анықтау үшін ауқымды, мұқият, кешенді ғылыми зерттеу жүргізу қажеттігіне назар аударды. Себептерді түсініп, зерттеу нәтижелерін алғаннан кейін ғана мәселені шешу үшін қандай қосымша шаралар қабылдау керектігі туралы айтуға болады. Сондай-ақ, депутаттың пікірінше, Жайық өзенінің жай-күйіне тұрақты экологиялық мониторинг жүргізу қажет.