17 қыр, 2020 сағат 09:26

Сенатор қашықтан оқыту мәселесіне қатысты Үкіметке сауал жолдады

Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында депутат Мұхтар Құл-Мұхаммед қашықтан оқыту кезінде туындаған мәселелерге қатысты депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Үкімет басшысының атына жолданған сауалда депутат қашықтан оқытуға қатысты өзекті мәселелерге назар аударған. Сенатор отандық онлайн білім беру платформаларына ортақ кемшілік ретінде олардың жұмыс істеу жылдамдығының төмендігін айтты. 

Оның сөзіне қарағанда, интернет-трафиктің дәл сондай көлемімен шетелдік онлайн ресурстар мен қосымшалар анағұрлым тез жұмыс істейді. Осыған орай депутат жаңа онлайн білім платформасын әзірлеген кезде осы мәселенің ескерілгені орынды екенін атап өтті.

Сондай-ақ, сауалда қашықтан оқыту барысында, әсіресе, шетелдік қосымшаларды пайдаланған кезде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жат бейнежазбалардың тарап кетпеуінің алдын алу, кезекші сыныптарды ұйымдастыру және білім алу үдерісіне мәжбүрлі түрде қатыса алмай отырған аз қамтылған отбасылар балаларының санына талдау жүргізу жұмыстарына баса мән берілген.

Осы айтылған мәселелерді ескере келе сенатор Мемлекет басшысының бірыңғай білім беру онлайн-платформасын құру туралы тапсырмасы нақты қандай мерзімде іске асырылатынын сұрады.

«Онлайн білім беру платформасын құруға мүдделі мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылы айқындалды ма? Процесті жылдамдатуға техникалық мүмкіндіктер бар ма? Бұл жұмысқа бюджеттен қосымша шығындар қарастырылған ба? Қашықтан оқыту аясында азаматтардың тегін орта білім алуы үшін конституциялық кепілдіктер қамтамасыз етілген бе?», – деді Мұхтар Құл-Мұхаммед.

Сондай-ақ, сауал барысында ұзақ мерзімді қашықтан оқытудың салдарынан білім беру деңгейінің төмендеуімен байланысты алдағы уақытта қандай шаралар қолға алынатыны және әртүрлі әлеуметтік топтардағы білім алушылардың арасындағы білім беру деңгейінің алшақтықтығын азайту бойынша Үкіметтің қандай жоспары бар екені сұралды.

Аталған депутаттық сауалға ҚР Парламенті Сенаты төрағасының орынбасары Асқар Шәкіров пен сенатор Мұхтар Құл-Мұхаммед қол қойды.