1 маусымдағы Сенат отырысында депутат Нариман Төреғалиев 2017 жылғы республикалық бюджеттің орындалуы туралы есептерге қатысты сөз сөйлеп, бірқатар министірліктердің қаражатты дұрыс пайдалана алмағанын сынға алды.
- Республикалық бюджеттің орындалуы барысында жылдан жылға жүйелі сипатқа ие, өз шешімін әлі күнге дейін таппаған біраз кемшіліктер бар екенін жасырудың қажеті жоқ, - деді сенатор. – Бюджеттік қаражаттардың тиісті түрде игерілмеуі, бюджетті жоспарлаудың және бюджеттік тапсырыстарды қалыптастырудың тиімсіздігі, Ұлттық қордың қаражатын ұтымсыз пайдалану сияқты мәселелерді көріп отырмыз. Өздеріңіз білетіндей, Мемлекет басшысы былтырғы жолдауында мемлекеттік органдардың қаражатты игеруінің тиімділігін тексеруді, әсіресе Республикалық бюджеттің 40%-дан астамын құрайтын Денсаулық сақтау, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Білім және ғылым министрліктерінен бастау керектігін айтып өтті.
«Сараңның сақтағаны өзіне бұйырмайды»
Сенат депутаты жоғарыда аталған министрліктердің шамадан тыс үнемшілдігін де сынға алды. Сондай үнемшілдіктің салдарынан жоспарға енген жұмыстар игерілмей қалып жатады дегенді айтты. Ал иегірлмеген қаржы кері қайтады да, салаға қажетті қаражаттың көлемі жылдан жылға қысқара береді. Бұны қазақ: «Сараңның сақтағаны өзіне бұйырмайды» деп ескерткен болатын.
- Есеп комитеті мен Үкіметтің есептерінде көрсетілгендей, аталған министрліктер бюджеттік қаражаттарды игермеу бойынша көшбасшы болып табылады, - деді Төреғалиев. – Игерілмеген қаражаттардың басым көпшілігі үнемдеудің салдарынан болған. Мемлекеттің ақшасын үнемдеген әрине жақсы, бірақ, бұл жағдай нақты көрсеткіштің белгісі емес.
Өйткені денсаулық сақтау саласы бойынша 2016 – 2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасының шеңберінде «Аналар өлімі», «Қатерлі ісіктері бар науқастардың бес жыл өмір сүруі» және Денсаулық сақтау министрлігінің Стратегиялық жоспарының мақсаттарының кейбіреуі толық емес түрде орындалған немесе мүлдем орындалмаған.
Бұдан бөлек, ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның, медициналық техникамен жабдықтаудың қамтылуы жеткіліксіз деңгейде қалуда. Материалдық база мен медициналық қызметкерлердің жетіспеушілігі, кадрлардың тұрақсыздығы мен дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің толық еместігі сияқты денсаулық сақтау проблемалары өз шешімін таппай отыр.
Білім беру саласында мектептердің ескіріп, тозып құлаудың алдында тұрғанын және үш ауысымдаоқытатын мектептерді жою мәселелері тиісті деңгейде шешіліп жатқан жоқ, яғни тиісті көрсеткішке жыл сайын толық қол жеткізілмейтіні байқалады. Оның себебі ретінде урбандалудың артуы мен туу деңгейінің өсуі, сондай-ақ мектептерді қарап-тексерудің тұрақты түрде жүргізілмеуі көрсетілген. Бұл бюджеттік жоспарлау процесінің сапасыздығын білдіреді, өйткені бірқатар өңірлерде қолданыстағы мектептердің орташа толымдылығына қарамастан, жаңа мектептердің негізсіз құрылысы орын алуда.
Атап өтетін тағы бір жайт. Біз жақында ғана ауылдық мектептерді мультимедиялық жабдықпен жарақтандыру мақсатында Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкінен 67 млн. АҚШ доллары сомасында қарыз алу туралы келісімді ратификацияладық.
Осындай мақсаттарға қаражатты ішкі резервтерден табуға болмай ма? Үнемделген қыруар қаражатты есептемегеннің өзінде, қаншама тиімсіз жұмсалып жатқан қаражатымыз бар. Неліктен сырттан қарыз аламыз?
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бойынша мемлекеттік органдардың стратегиялық мақсаттарға қалай қол жеткізетіні туралы мысал ретінде бір жайтты атап өткім келеді.
Парадокс: жұмыссыздар азайғанымен көрсеткіш өзгермеген
Сенатор жұмыссыздар санатына енетін адамдардың саны қолдан қысқарып отырғанына да тоқталды.
- Есеп деректеріне сәйкес, нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған бағдарламасында жоспарланған барлық төрт индикатор орындалған, - деді ол. – Мысалы, «Жұмыссыздық деңгейі» 4,9 %-ды құраған. Алайда, аталған көрсеткіш «Халықты жұмыспен қамту туралы» Заңға енгізілген өзгерістерді ескере отырып, саналған. Сол өзгерістерге сәйкес жұмыссыздар тізбесінен «Стратегия – 2020-ның» шеңберінде «жұмыссыздар» ұғымына кіретін адамдар алынып тасталған. Тиісінше, егер «Стратегия – 2020-ның» шеңберінде 2017 жылы жұмыссыздық көрсеткіші 4,9%-ды құрауы тиіс болса, бұрын қолданылған «Жұмыспен қамту 2020 жол картасының» шеңберінде көрсетілген 4,9%-дық көрсеткіш 2016 жылғы заңнамалық өзгерістермен байланысты, ал шын мәнінде жұмыссыздар санатына кіретін адамдардың саны алынып тасталғанына қарамастан, көрсеткіш өзгеріссіз қалып отыр.
Елімізде бухгалтерлерді дайындау деңгейі өте нашар
- Жалпы алғанда, мемлекеттік органдар стратегиялық және бюджеттік жоспарлауға немқұрайлы қарайтыны айдан анық, - деп жалғады сзін сенатор. – Жылма жыл бюджетті жоспарлауда, нәтижелер көрсеткіштерінің сапасыз жоспарлануы және бөлінетін қаржыландырумен өзара байланысының болмауы орын алады, бұл өз кезегінде бюджет қаражаттарын тиімсіз пайдалануға әкеп соғады.
Өкінішке орай, есептерде көрсетілгендей, қаражатты толық игеру дегеніміз, негізгі мақсаттарға қол жеткізілгенін және мемлекет ақшасының дұрыс жұмсалып жатқанына себеп бола алмайды. Елбасы да, Парламент те Үкіметке мемлекеттік органдардың қыруар қаражаттарды тиімсіз пайдалануының және игермеуінің алдын алу үшін бюджеттік процестің тәсілдерін түбегейлі түрде өзгерту қажеттігін бірнеше жылдан бері айтып келеді. Ол үшін қажетті заңнамалық база жеткілікті, бұдан басқа, Парламент заңнаманы жетілдіру мәселесі бойынша Үкіметпен бірігіп жұмыс істеуге әрқашан дайын.
Есеп комитетінің ақпаратына сәйкес, 2017 жылы анықталған бюджет қаржысын иегру барысында кеткен қателіктердің жалпы сомасы 1,0 трлн. теңгені құрады. Соның ішінде қаржылық бұзушылықтар сомасы – 320,4 млрд. теңге.
Қаржылық бұзушылықтардың негізгі үлесі (бұл 82,5 %) Бухгалтерлік есепке алуды жүргізу қағидаларын сақтамаумен байланысты. Ал бұл елімізде бухгалтерлерді даярлау деңгейі өте нашар деген сөз. Сонымен қатар, мемлекеттік қаражат есебінен жүргізілетін қызметкерлерді қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру курстары формальды түрде орындалып, іс жүзінде күтілетін нәтижені бермей отыр.
Демпинг дерті
Сенатор мемлекеттік сатып алулар барысында бағаны қолдан төмендететіндер адал кәсіпкерлердің алдын орап кететініне тоқталды.
- Есепте аталып өткен келесі маңызды мәселелердің бірі – бұл мемлекеттік сатып алу. Барлық бағдарламалар бойынша егер бұзушылықтар болса, олар міндетті түрде мемлекеттік сатып алуға қатысты болады. Мемлекеттік сатып алу жүйесінің автоматтандырылуына қарамастан, бұл салада әлі де шешімін таппаған, проблемалық мәселелер аз емес.
Осылайша, мемлекеттік сатып алу жүйесінің негізгі проблемаларының бірі – бағалар демпингі. Бағаларды қолдан төмендету салдарынан кейде адал кәсіпорындар, тіпті олардың тәжірибесі мен қызметтері бәсекелестерінен асып түссе де, құралақан қалып жатады.
Сөз соңында сенатор:
- Есеп комитетінің ақпаратында көрсетілгендей, мемлекеттік және мемлекет кепілдік берген борыштың көлемі жылдан жылға өсіп барады. Сондықтан қарыз алу мәселесіне елдің экономикалық қауіпсіздігін барынша ескере отырып, аса жауаптылықпен қараған жөн, - деді.
Әділбек Қаба