15 қаз, 2020 сағат 09:10

Сенатор: Ипотекалық қарыз беретін екінші деңгейлі банктерге бақылауды күшейту керек

Сенат депутаттары азаматтардың осал санаттары үшін жеңілдікті ипотека бағдарламаларының қолжетімсіз екенін мәселе етіп көтерді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Үкімет басшысына депутаттық сауал жолдаған депутаттар балама нұсқалар ұсынбай тұрып азаматтарды жалғыз тұрғын үйінен мәжбүрлеп шығаруға жол бермеуге Үкіметтің назарын аударуға тырысты. 

Нақтырақ айтқанда Сенат төрағасының орынбасары Асқар Шәкіров пен депутат Ләззат Сүлеймен осы мәселеге байланысты ҚР Премьер-министріне депутаттық сауал жолдады. 

«Қазір үй алу кезегінде шамамен 530 мыңға жуық адам тұр. Жыл сайын олардың саны тағы 50 мың адамға көбейеді. «Нұрлы жер» бағдарламасына кіретін «Шаңырақ» қанатқақты жобасы әкімдіктерде тұрғын үй алуға кезекте тұрғандарға ипотекалық несие беруді көздейді. Несие алу үшін отбасының әр мүшесінің табысы айына 3,1 еселік ең төменгі күнкөріс деңгейінен (32 668 теңге) аспауы тиіс. Ол халықтың табысы аз адамдарға арналғанын көрсетеді. Зейнетақы қорынан берілетін соңғы алты айдың үзінді көшірмесі - кірістерді растау нысаны», - деді Сенат отырысында депутаттық сауалды оқыған Ләззат Сүлеймен. 

Оның айтуынша осы жобаны іске асыру тәжірибесі көрсеткендей, баспана осал санаттағы, оның ішінде мүмкіндіктері шектеулі азаматтар үшін қолжетімсіз болып отыр. 

«Мәселен, І және ІІ топтағы мүгедектігі бар адамдар олардың еңбек табысын растаудың болмауына байланысты жеңілдетілген ипотекалық кредит ала алмайды. Бұл азаматтардың әдетте ресми жұмысқа орналасуға және тиісінше зейнетақы қорына жарна аударуға мүмкіндігі жоқ», - деді Ләззат Сүлеймен. 

Депутат сондай-ақ «7-20-25» бағдарламасы кезек пен тіркеусіз, бірақ табыстары 3,1 еселік ең төменгі күнкөріс деңгейінен жоғары азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз етуге бағытталғанын атап өтті. Аталған бағдарлама көптеген қазақстандықтар үшін едәуір қолжетімді болғанымен бастапқы тұрғын үй нарығында ғана жұмыс істейді. 

«Сонымен бірге пайдалануға қолданысқа енгізу сәтіндегі тұрғын үйді табу, әдетте өте қиын, себебі бастапқы тұрғын үй нарығы пәтерлерді кейіннен қайта сату үшін бірнеше пәтерді бір уақытта сатып алатын алыпсатарлар қызметінің нысаны болып отыр. Осыған байланысты азаматтар алдын ала брондау шартымен тұрғын үй сатып алуға және тұрғын үй пайдалануға берілгеннен кейін ғана аталған бағдарлама бойынша ипотекалық кредитті ресімдеуге мәжбүр болады», - деді Сенат депутаты. 

Сенаторлар мәжбүрлеп шығаруға тыйым салу негіздерінің тізімі сапалы түрде жан-жақты қайта қаралуы керек екенін, сондай-ақ алдын алу шараларын қабылдау, атап айтқанда азаматтардың ипотекалық қарызды төлеу жөніндегі тәуекелдері мен мүмкіндіктеріне мұқият талдау жүргізе отырып, азаматтарға ипотекалық қарыздар беру кезінде екінші деңгейлі банктердің бақылауын күшейту қажеттігін атап көрсетті.