11 қар, 2021 сағат 14:11

Сенатор Еділ Мамытбеков жерлеу ісіне қатысты проблемалар туралы айтты


Сенатор Еділ Мамытбеков еліміздің Премьер-Министрі Асқар Маминнің атына жолдаған депутаттық сауалында жерлеу және зираттарды күтіп-ұстауға қатысты проблемаларды атап өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Депутат 2017 жылы сенатор Ольга Перепечина «Жерлеу және жерлеу ісі туралы» заң жобасын әзірлеу қажеттігі туралы сауал жария еткенін еске салды. Алайда салалық мемлекеттік органдар бұл мәселені елемей, сөзбұйдаға салып жіберді. 

Енді Еділ Мамытбековтың айтуынша, қазіргі кезде заңнамалық актінің болмауы болашақта проблемаға әкеліп соғуы мүмкін.

«Қазақстанда салт пен жөн-жоралғы қызметін көрсететін жеке фирмалар пайда бола бастады. Олардың саны қаулап өсіп барады. Заң қабылданса, осындай маңызды саланы бақылап қана қоймай, оны қолжетімді етуге мүмкіндік береді. Сарапшылардың пікірінше, жерлеу мәселелерін реттейтін заңнамалық актінің болмауы түрлі құқық бұзушылықтарға алып келеді. Қылмыстық түрде жерлеу, заңсыз бизнесті жүргізу фактілері де болуы ықтимал, эксгумация мен жерлеудің нақты ережелері болмай отыр», - деп атап өтті депутат Сенаттың жалпы отырысында. 

Депутат осыған байланысты Премьер-Министрден салалық мекемелерге жерлеу, қою және зираттарды күтіп-ұстау саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейтін заңнамалық актіні әзірлеу жөнінде шаралар қабылдауды сұрады.