26 қар, 2020 сағат 09:34

Сенатор баспана кезегінде тұрғандардың мәселесін шешуді сұрады

Сенатор Андрей Лукин «Нұрлы жер» қолжетімді тұрғын үй салу мемлекеттік бағдарламасын іске асыру көрсеткіштеріне қатысты Үкімет басшысы Асқар Маминнің атына депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Депутат «Нұрлы жерге» бөлінген қаражаттың 50%-дан астамы игерілмегеніне назар аударуын сұрап, Министрлер кабинетінің басшысына сауал жолдады. 

Лукиннің айтуынша, бағдарламаға 873,8 млрд теңге бөлінсе, оның тек 476,8 млрд теңгесі ғана жұмсалған. Ал тұрғын үй алғысы келетіндердің саны күн санап өсе береді. 

«Кезекте тұрғандардың ең көбі Нұр-Сұлтан қаласында тіркелген, онда 45,2 мың адам, ал Алматы облысында 43,3 мың адам кезекте тұр», - деді Андрей Лукин Сенаттың жалпы отырысында. 

Сонымен бірге, Индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрлігінің мәліметі бойынша 2017-2019 жылдар аралығында елімізде «Нұрлы жер» бағдарламасымен 32,5 млн шаршы метр тұрғын үй салынды. 

Оның пайымынша, бұл мөлшер жеткіліксіз, өйткені кезекте тұрғандардың саны әлі де көп. Тізімде негізінен әлеуметтік осал топ азаматтары, мемлекеттік қызметкерлер, бюджет ұйымдарының қызметкерлері және әскерилер бар. 

«Мемлекеттік бағдарламаны іске асыруға бөлінген бюджет қаржысын игеру деңгейінің төмендігін, сондай-ақ азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз етудің асыра бағаланған көрсеткішін ескере отырып, бөлінген қаржының пайдаланылуы, тапсырылған тұрғын үйдің бөлінуі мен мемлекеттік бағдарламаны іске асырудың тұрғын үйге мұқтаж азаматтардың санын азайтуға нақты әсері туралы ақпарат беруіңізді сұраймын», - деді Андрей Лукин. 

Бүгінгі күні Қазақстанның тұрғын үй қорының ауданы 347,4 млн шаршы метрге, көп пәтерлі тұрғын үйлердің саны 78 402-ге жетті.