21 қаң, 2021 сағат 11:46

Сенатор Атырау облысында Үкімет деңгейінде шешуді талап ететін мәселелерді атады

Парламент Сенатының жалпы отырысында депутат Ғұмар Дүйсембаев Атырау облысы даму бюджетінің мөлшерін ұлғайту бөлігінде жалпы сипаттағы трансферттерді есептеу әдістемесін қайта қарауды сұрады. Осы орайда ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің атына депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Оның сөзіне қарағанда, «Республикалық және облыстық бюджеттер, республикалық маңызы бар қалалар, астана бюджеттері арасындағы 2020-2022 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі туралы» Заңға сәйкес, Атырау облысы «донор» болып саналады. Бұл тұрғыда республикалық бюджетке 642 млрд теңгені, оның ішінде 2021 жылға - 213,7 млрд теңгені аударуы керек.

«Облыстық бюджеттен жоғарыда көрсетілген бюджеттік алымдардың көлемі кезінде 2021 жылы республикалық бюджеттен Атырау облысына берілетін нысаналы трансферттердің көлемі 56,9 млрд теңгені құрайды. Ал басқа донор өңірлер бойынша мүлдем басқа көрініс қалыптасуда», - деді сенатор.

Оның айтуынша, өңірдің әлеуметтік және инфрақұрылымын дамыту бойынша ҚР Үкіметі деңгейінде шешуді талап ететін бірқатар мәселелер бар. Бүгінгі күні 2018-2019 жылдары басталған бюджеттік инвестициялық жобаларды облыс бойынша толық аяқтау үшін 76,3 млрд теңге қажет болып отыр, ал жергілікті бюджеттің даму бөлігіндегі мүмкіндігі шамамен 30 млрд теңгені құрайды. 

«Бұдан басқа, 153 ауылдық елді мекеннің 12-сі әлі күнге дейін орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілмеген және 18 елді мекенге ауыз суды арнайы жеткізу ұйымдастырылған. Өңір республикада алғашқы болып газдандыруды бастағанына қарамастан, әлі күнге дейін 18 ауылдық елді мекен табиғи газбен қамтамасыз етілмеген. Биылдың басында облыс бойынша апатты жағдайдағы 79 тұрғын үй тіркелген. Апатты жағдайда - 4, үш ауысымды 11 мектеп бар», - деді депутат.

«Жоғарыда баяндалғанның негізінде және бүгінгі таңда өңірдегі проблемаларды ескере отырып, республикалық бюджеттің негізгі доноры ретінде Атырау облысы даму бюджетінің мөлшерін ұлғайту бөлігінде жалпы сипаттағы трансферттерді есептеу әдістемесін қайта қарауды, ал 2021-2023 жылдар бюджетінде республикалық бюджеттен оны нақтылау және түзету кезінде трансферттерді ұлғайтуды сұраймыз», - деді Ғұмар Дүйсембаев.