24 жел, 2021 сағат 13:08

Сенат Төрағасы: Биыл күллі түркі әлемі үшін айрықша мерейлі жыл


Елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада өтіп жатқан «Шығыстың шоқжұлдыздары» атты халықаралық конференцияда көне түркі тіліндегі Құран кітабы таныстырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Биыл - күллі түркі әлемі үшін айрықша мерейлі жыл. Себебі адамзаттың ақыл-ой қазынасына өлшеусіз үлес қосқан ұлы тұлғаларымыздың мерейтойы қатар келіп отыр. 

Олардың қатарында түркі халықтарының мақтанышы, әзербайжанның данышпан шайыры Низами Ганжауидің туғанына 880 жыл толды. Биыл абыз ақын, ұлы ойшыл, өзбек халқының ғұламасы Әлішер Науаидің туғанына 580 жыл, ал жыр алыбы Жамбылдың дүниеге келгеніне 175 жыл. Сонымен қатар, ұлы ойшыл ақын Юнус Эмренің дүниеден өткеніне 700 жыл толып отыр», - деген Сенат төрағасы бұл атаулы даталарды бауырлас елдерде жоғары деңгейде атап өткенін еске алды. 

Мәулен Әшімбаев Халықаралық түркі академиясының бастамасымен Низамидің дастандары қазақ тіліне, Науаидің жырлары қазақ және әзербайжан тілдеріне аударылып, басылғанын атады. 

«Бүгін сонымен қатар Юнус Эмренің жырлары ана тілімізге толық аударылып, алғаш рет қазақ оқырмандарына жол тартып отыр. 

Осы ретте аталған туындыларды аударған қазақтың көрнекті ақындары Несіпбек Айтұлына, Светқали Сабырғалиұлына, ғалым Төрәлі Қыдырға және филология ғылымдарының докторы, профессор, Әзербайжаннан келген мейманымыз Рамиз Аскерге алғысымызды білдіреміз», - деді Сенат спикері.