24 ақп, 2022 сағат 11:20

Сенат Серік Сыдықовты қызметінен босатты


Сенаттың жалпы отырысында ҚР Орталық сайлау комиссиясы мүшесі Серік Сыдықовтың өкілеттігі тоқтатылып, қызметінен босатылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Сенат тағайындаған ҚР Орталық сайлау комиссиясы мүшесінің өкілеттігін тоқтату және қызметінен босату туралы мәселе қаралады. Серік Сламжанұлы Сыдықовтың атынан Орталық сайлау комиссиясы мүшесінен босату туралы өтініш келіп түсті. Регламент бойынша бюроның шешімімен бұл мәселені Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитеті алдын ала талқылап, өз қорытындысын әзірледі», - деді Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев.

Осы орайда шешім ашық дауыс беру арқылы қабылданып, палата депутаттары бұл шешімге қолдау білдірді.

Серік Сыдықов 1962 жылы туған. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. Еңбек жолын 1 985 жылы Алматы қаласында «Казгидрорыбпроект» институты кадр бөлімінің аға инспекторы ретінде бастаған.

Қазақстан Республикасы Парламентінде 1995 жылдан бері жұмыс істеген. Сенат Аппараты Құқықтық сараптама бөлімінің консультанты, сектор меңгерушісі, Сараптама бөлімі меңгерушісінің орынбасары, Әкімшілік бөлімінің меңгерушісі, Сенат Аппараты басшысының орынбасары болып қызмет атқарған.

Еске сала кетейік, ол ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі қызметіне 2020 жылы сәуірде бекітілген еді.