ҚР Үкіметі мен Парламент Сенатының ғимаратына кіруге уақытша шектеу енгізілді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың «Қазақстан Республикасында төтенше жағдай енгізу туралы» Жарлығымен елдің барлық аумағында коронавирустың таралуына қарсы іс-қимыл және азаматтардың денсаулығы қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі алдын алу шаралары күшейтіліп отыр. Осыған байланысты осы жылдың 16 наурызы мен 15 сәуірі аралығында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының ғимаратында отырыстарға келушілер мен қатысушылар, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін шектеу енгізілді», - делінген Сенаттың Telegram парақшасында жарияланған ақпаратта.
Таратылған мәліметте Сенатта өтетін іс-шаралар палатаның сайтында және ресми аккаунттарда онлайн режімде көрсетілетіні ескертілген.
Сонымен қатар, 16 наурыз бен 15 сәуір аралығында Үкімет үйі ғимаратына келушілер және кеңеске қатысушылар, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін шектеу енгізілгені белгілі болды.
«Үкімет отырыстары онлайн режімде PrimeMinister.kz сайтында және ресми аккаунттарда таратылады. Шаралардың трансляциясы туралы алдын ала хабарлап отырамыз. Қосымша ақпарат алу үшін 74-59-72 телефон нөміріне хабарласуға болады», - деп мәлім етті Үкіметтің баспасөз қызметінен.