Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Өнеркәсіптік саясат туралы» және «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне өнеркәсіптік саясат мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары қабылданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Мемлекет басшысы жақында өткен «Алтын сапа» және «Парыз» сыйлықтары лауреаттарын марапаттау рәсімінде «Өнеркәсіптік саясат туралы» заң қабылдаудың аса маңызды екенін атап өтті. Осы ретте бүгін қабылданған заңдар өнеркәсіптік инновациялық кәсіпорындарды отандық шикізатпен қамтамасыз етуді және өңдеу өнеркәсібін дамыту үшін қолайлы жағдай жасауды көздейді. Сондай-ақ өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандырудың жүйелі іс-шаралары айқындалады. Заңдарды қабылдау отандық өнеркәсіпті жаңғыртуға тың серпін береді деп сенеміз», - деп атап өтті Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев.
ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұловтың атап өтуінше, заң жобасының негізгі мақсаты – бәсекеге қабілетті, жоғары технологиялық, экспортқа бағдарланған өнім өндірісін ұлғайту және дамудың шикізаттық моделінен ауысып, өңдеуші өнеркәсіптің тұрақты дамуын қамтамасыз ету.