Бүгін ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр Сенат депутаттарына «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көлік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасын таныстырды.
Заң жобасы жолдарда көлік бақылауын автоматтандыру, жолаушыларды және багажды тасымалдау сапасын арттыру, темір жол және теңіз көлігіне тексеру жүргізу тәртібін жетілдіру, көлік құралдарын қауіпсіз пайдалануды арттыру, Халықаралық теңіз ұйымы (ИМО) аудитінің ескертулерін жою, азаматтық авиацияны мемлекеттік реттеудің тиімділігін жақсарту, бюджеттік әуе компанияны және ұлттық әуе жүк тасымалдаушысын құру, сондай-ақ басымдыққа ие халықаралық әуе маршруттарын дамыту сияқты бірқатар мәселелерді шешуге және жүйелеуге бағытталған.
Заң жобасы 6 кодекске, 20 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді қарастырады.
Министрдің айтуынша, көлік құралдарын тексеру негіздерінің нақты тізбесін айқындау арқылы жолдардағы бақылау тәртібін өзгерту ұсынылады. Бұл көлік құралын тоқтатпай-ақ рұқсат беру құжаттарының бар-жоғын тексеруге, көлікті бақылау органдарының көлік құралдарын жаппай тоқтату тәжірибесінен бас тартуға мүмкіндік береді.
«Заң жобасында қазақстандық тасымалдаушыларға шекараға жақын бір облыстың аумағында орналасқан елді мекендер арасында тасымалдауды жүзеге асыруға рұқсат беру ұсынылады. Бұл түзетуді қабылдау 126 халықаралық маршрут бойынша қосымша шекаралас облыстардағы 300-дей елді мекеннің жолаушыларын тұрақты тасымалдауға жол ашады», - деп атап өтті Роман Скляр.