26 қар, 2020 сағат 09:55

Сенат депутаттары жолды бұзатын жүк көліктеріне қатысты шешім қабылдауды сұрады

Сенат төрағасының орынбасары Нұрлан Әбдіров және сенаторлар - Рысқали Әбдікеров пен Сергей Ершов еліміздегі маңызды автожолдардың сапасына қатысты Үкімет басшысының атына депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Депутаттар сауалында жыл сайын жолдардың жөнделуі мен күтімі үшін бөлінетін қомақты қаражат та сөз болды. 

«Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексінің нұсқасы бойынша үздік және нашар жолдары бар елдер рейтингісінде 2019 жылы Қазақстан 100-ден 43,2 балл жинап, 141 елдің ішінде 93-орынға ие болды. Ал, мәселен, көршілес елдер – Тәжікстан бізден жоғары 50-ші орында, Әзербайжан – тіпті 27-орында. Бұл саланың жүйелі проблемаларының бірі – жүк көліктердің белгіленген білік (ось) жүктемелерінің асып кетуіне байланысты салынған және жөнделген жолдардың мерзімінен бұрын бұзылуы болып отыр», - деді Рысқали Әбдікеров. 

Ресми статистиканың деректеріне сәйкес, техникалық санаттар бөлінісінде ел жолдарының 9,3 пайызы ғана білікке (ось) 10 тоннадан астам жүктемені қабылдай алады. Нақтылап айтқанда, жалпы пайдаланымдағы жолдың 90,7 пайызы қолданыстағы жүк көліктердің ең аз жүктемесін де қабылдай алмайды және қатер аймағында тұр. 

«Сонымен қатар, заңнама талаптарына сәйкес жалпы пайдаланымдағы автокөлік жолдары бойынша самосвалмен 25 тоннадан астам жүк тасымалдауға тыйым салынғанымен, осы жолдарда салмағы 30-40 тонна болатын жүкті көтеретін көліктер қозғалысы тоқтамай тұр. Аталып отырған проблеманы толықтай шешу Көлікті бақылау инспекциясының қолынан әзірше келмей отыр. Сол себепті бұл қызметтің ұйымдастырылуы мен сапасы Үкімет тарапынан қатан қадағалауды талап етеді деп есептейміз», - делінген депутаттық сауалда. 

Сенатордың сөзіне қарағанда, Қазақстанның автожолдарында жүретін ауыр салмақты автокөліктердің 10 пайызы ғана бақылау бекетінде тексеріледі. Бұл автокөлік жолдарының жылдам бұзылуына өз әсерін тигізуде. 

Депутаттар көтеріліп отырған мәселенің әлеуметтік маңыздылығын ескере отырып: 

- көлікті бақылау бекеттердің және Көлікті бақылау инспекциясының жалпы штат саның арттыруды; 

- салмағы 25 тоннадан асатын ірі жүкті таситын самосвалдарды заңнамалық деңгейде технологиялық көлік санатына жатқызуды және жүк тасымалдау фактісін (техпаспорт негізінде, өлшеусіз) тексеру құқығын полицияға да берілуін қарастыруды; 

- жер қойнауын пайдалану туралы келісімшартарда жер қойнауын пайдаланушыларға автокөліктердің артық тиелуіне тыйым салатын талаптарды қарастыруды және оларға жауапкершілікті қатаңдатуды; 

- бюджеттің барлық деңгейлерінен қаржыландырылатын жобалар бойынша мемлекеттік сатып алу жөніндегі нормативтер мен конкурстық талаптарға жүк автокөліктерін пайдалануы бойынша тиісті өзгерістер енгізуді; 

- көлікті бақылау инспекторының талаптарын орындамағаны үшін жауапкершілікті қатаңдатуды және осы жоғарыда көтерілген мәселелерді шешу бойынша басқа да шараларды Үкімет тарапынан қарастыруды сұрады.