Семей қаласының тұрғындары Риддердегі өрттен зардап шеккендерге көмек көрсетуді жалғастыруда, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Қалалық Ақпарат орталығы таратқан мәліметке сүйенсек, жергілікті тұрғындар мен кәсіпкерлер Риддердегі өрттен баспанасынан айырылған отбасыларға 18,9 млн теңге сомасында қаржылай көмек көрсетті.
«Бұдан бөлек, риддерліктерге гуманитарлық көмек жіберіледі. «Қаражыра« АҚ өкілдері зардап шеккендерге 1,3 тонна азық-түлік өнімдерін жөнелтті. Сондай-ақ 200 келі қант, 584 келі тары, қарақұмық, арпа жармасы, күріш, 100 келі макарон өнімдері, 20 келі томат пастасы, 15 келі шәй, 50 литр өсімдік майы, 48 литр сүт жіберілген», - делінген хабарламада.
«Қазэлектромаш» ЖШС барлық жүкті Риддер қаласына жеткізуді қолға алған. Ал «Алел «ФИК» АҚ өз тарапынан 30 тоннаға жуық гуманитарлық көмек жеткізді.
Айта кетейік, «Nur Otan« партиясының Семей қалалық филиалы зардап шеккендерге көмек көрсету акциясын жариялаған. Соның нәтижесінде шаһар тұрғындары риддерліктерге қолұшын созып жатыр.
Естеріңізге сала кетсек, 10 мамыр күні ШҚО-дағы Риддер орман шаруашылығында өрт шықты. Дала өрті 310 гектар аумақты шарпып, 1 адам қаза тапты. Өртке байланысты шұғыл желі іске қосылды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет пен Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі өрттен зардап шеккен Лесхоз кентінің тұрғындарына көмек көрсетіп, баспанамен қамтамасыз етуді тапсырды. Полиция қызметкерлері өртке қатысты күдіктіні ұстады.
