ҚР Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев «Семей ядролық қауіпсіздік аймағы туралы» заң жобасы қандай мәселелерді шешуге көмектесетінін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Парламент Мәжілісінде Энергетика министрі «Семей ядролық қауіпсіздік аймағы туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Семей ядролық қауіпсіздік аймағы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заң жобаларын ұсынды.
Қаралып отырған заң жобасы бұрынғы Семей полигоны жерлерін пайдалану, оның аумағын оңалту, елдің ғылыми әлеуетін дамыту мәселелерінде бақылауды күшейтуге бағытталған.
«Өзекті проблемаларды шешу үшін заң жобаларында мынадай шаралар ұсынылады: тиімді басқару мақсатында жаңа жер санатын – «ядролық қауіпсіздік аймағының жерлерін» енгізу; Семей ядролық қауіпсіздік аймағының жұмыстарын орындауға жауапты болатын Энергетика министрлігінің ведомстволық бағынысты ұйымын тағайындау; кешенді экологиялық тексеру және мемлекеттік экологиялық сараптама нәтижелері бойынша нормадан тыс радиациялық ластанған және шартты таза аумақтардың шекараларын айқындау; полигонның ластанған жерлерінің мәртебесін «запастағы жерлер» санатынан «ядролық қауіпсіздік аймағының жерлері» санатына өзгерту және ластанған жерлерде Семей ядролық қауіпсіздік аймағын құру, жерлерді ауыстыру, шекаралар мен алаңдарды Үкімет қаулысымен айқындау; радиациялық жағдайға мониторинг жүргізу және бақылау; ластанған учаскелерді оңалту және қалыптасқан радиоактивті қалдықтарды сақтау пунктін салу; мамандандырылған аймақта ядролық қауіпсіздікті қамтамасыз ету шараларын ұйымдастыру», - деді Мағзұм Мырзағалиев Мәжілісте өткен дөңгелек үстелде.
Сондай-ақ, министр нормадан тыс ластанған аймақта жұмыс істейтін Энергетика министрлігінің ведомстволық бағынысты ұйымы ретінде ҚР Ұлттық ядролық орталығын тағайындау көзделгенін жеткізді.