17 ақп, 2020 сағат 22:12

Семей полигонында радиактивтік қалдықтарды көму жобасы іске асырылады

Қазақстанның Экология, геология жəне табиғи ресурстар министрлігі мен «Қазатомпром» ҰАК» АҚ радиоактивтік қалдықтарды көму жөніндегі жобаны іске асырады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазақстанның Экология, геология жəне табиғи ресурстар министрлігі мен «Қазатомпром» ҰАК» АҚ қоршаған ортаны қорғау саласындағы меморандумды бекітті.

Құжатта келісілген жобалардың қатарында қатты радиоактивтік қалдықтарды көму жөніндегі жобаны іске асыру бар.

«Қазатомпроммен ұлттық компания жұмыс істейтін өңірлердегі қоршаған ортаны жақсартудың бірқатар шараларын іске асыруға сөз байласып, тиісті құжатқа қол қойдық. Атап айтқанда, бұрынғы Семей ядролық сынақ полигонының аумағында «ҮМЗ» АҚ қатты радиактивтік қалдықтарды көму жобасы іске асырылады», - деді Экология, геология жəне табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Twitter-дегі парақшасында.

Министрдің пікірінше, бұл радиоактивтік қалдықтардың қоршаған ортаға жəне тұрғындарға қандай да бір əсер етуін барынша болдырмайды.

Келісім шеңберінде, сондай-ақ, ұлттық компания кəсіпорындарында озық қолжетімді технологияларды одан əрі енгізу үшін техникалық аудит өткізіледі.

«Компанияның жаңа Экологиялық кодекс жобасындағы тиісті заңнамалық нормалар қабылдағанға дейін, қоршаған ортаға зардапты азайтуға мүмкіндік беретін заманауи технологияларды өндіріске енгізуді көздеуі қуантады», - деп атап өтті ол. М.Мырзағалиевтің айтуынша, Кодекс қабылданғаннан кейін, 2,2 мыңнан аса кəсіпорын осы тектес техникалық аудиттен өткізіліп, озық қолжетімді технологияны енгізуі тиіс.