30 жел, 2020 сағат 18:05

Сайлау: Саяси партиялардың жетекшілері арасындағы шешуші дебат өтті

«Хабар» арнасында тікелей эфирде саяси партиялардың жетекшілері арасындағы шешуші саяси дебат өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Теледебатқа «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек, «Ауыл» халықтық-демократиялық партиясының төрағасы Әли Бектаев, Қазақстан Халық партиясының төрағасы Айқын Қоңыров, «AQ JOL» Қазақстанның демократиялық партиясының төрағасы Азат Перуашев, «ADAL» партиясының саяси кеңес мүшесі Эльдар Жұмағазиев қатысты. 

Дебат үш раундқа бөліне өткізілді. Алғашқы раундта партия басшылары Қазақстанның экономикалық даму жоспарын бөлісті. Ол үшін спикерлерге бір жарым минуттан уақыт берілді. Сондай-ақ, осы раундта партия басшылары бір-біріне сұрақ қойып, жауап алды. Әр партия басшысына 2 сұрақ қою мүмкіндігі берілді. Партия басшылары бір-біріне жер, экономикалық бағдар, әлеуметтік, аргоөнеркәсіптік, азық-түлік қауіпсіздігі мәселелер төңірегінде өткір сұрақтарды қойды. 

Екінші раундта спикерлер халықтың леуметтік әл-ауқатын жақсарту туралы ұсыныс пікірлерін ортаға салды. Сонымен қатар бұл кезеңде партия басшылары тележүргізушінің сұрақтарына жауап берді. 

Үшінші раундта партия басшылары сайлаушыларға арнап сөз сөйлеп, халықты өз партияларына дауыс беруге шақырды. 

Дебатты Орталық сайлау комиссиясының мүшелері бақылап отырды.