ҚР Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Марат Шоранов «Неліктен сайлаудан кейін COVID-19 шалдыққандар саны артты?» деген сұраққа жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат
«Коронавирус науқастарының саны 15 қаңтардан кейін көбейе бастады. Ал біздегі сайлау 10 қаңтарда өтті. Инкубациялық кезеңіне қарасақ, 5 күн ішіндегі көбею сайлауға байланысты бола алмайды. Жалпы бұл өсім негізі ұзақ жаңажылдық мерекелерге байланысты. Жыл аяғында осы алаңда әлеуметтік қашықтық сақтап, бетперде тағуды, жаңа жылды тек отбасымен қарсы алуды ескерткен едік. Қазіргі жағдай сол ережелердің сақталмауынан деп санаймыз. Өздеріңіз көргендей, кей өңірлерде жағдай қиындап жатыр. Бірақ, бәрі біздің бақылауда, әкімдіктермен тұрақты түрде карантин шараларын күшейтіп жатырмыз», - деп жауап берді вице-министр Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Айта кетейік, 27 қаңтардағы жағдайға сәйкес, Қазақстан Республикасында 181 117 адамда КВИ+ және 47 575 адамда КВИ- анықталды. КВИ+ бойынша 163 156 адам және КВИ- 35 348 адам жазылып шыққан. Жұқпалы аурулар ауруханасындағы төсек-орынның 31% (6 492 орын) толған, ал жансақтау бөлімінің 20%-ында 374 адам хәл үстінде жатыр.