31 қаң, 2022 сағат 22:23

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау: Жобалық офистің кадрлық құрамы күшейтілді


Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау бойынша мемлекеттік комиссияның қызметін қамтамасыз ету жөніндегі Жобалық офистің кадрлық құрамы күшейтілді. Бұл туралы ҚазАқпарат Мемлекеттік комиссияның Жобалық офисіне сілтеме жасап хабарлайды.

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау бойынша мемлекеттік комиссия Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен 2020 жылғы 24-қарашада құрылды.

Өткен жылы ауқымды ұйымдастырушылық-дайындық жұмыстары жүрізілді. Атап айтқанда, Қазақстандағы саяси қуғын-сүргін құрбандарының негізгі санаттарын жан-жақты зерттеу мақсатында тақырыптық бағыттары бойынша мақсатты топтардан құралған 10 Жұмысшы топтары, 17 Аймақтық комиссиялар құрылды, әдістеме әзірленді, осыған дейін жабық болған фондтар мен материалдар ашылып, көптеген істер атқарылды. 

2021 жылы саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау бойынша ұйымдастырушылық-іздестіру кезеңі аяқталды.

Екінші кезеңде жинақталған және келіп түсіп жатқан материалдарды, архивтерді және құқыққорғау органдары мен аймақтық комиссиялар жинаған тәжірибелерді сұрыптау, талдау үшін білікті мамандар мен ғалымдар қажет болады. Сәйкесінше, бұл кезеңде жинақталған материалдарды терең зерттеу мен жүйелеу бойынша терең талдау жұмыстарын жүргізу көзделуде. Бұл бағыттағы жұмыстар Жобалық офистің қызметкерлерінен белсенділікті, осыған сай дағдылар мен біліктілікті талап етеді. 

Мемлекет Басшысының Жарлығын орындау мақсатында ҚР Премьер-Министрі 2022 жылғы 14-қаңтарда Жобалық офистің кадрлық құрамын күшейту бойынша өкім шығарды.

Мемлекет басшысының Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау бойынша мемлекеттік комиссияның алдына қойып отырған міндеттерін орындаудың жоғары деңгейдегі жауапкершілігіне байланысты Жобалық офистің кадрлық құрамын Мемлекеттік комиссия жұмысының бүкіл кезеңінде олардың жалақылары мен барлық әлеуметтік төлемдерін сақтай отырып, мүдделі мемлекеттік органдардың қызметкерлерімен, ғылыми мекемелер мен жоғары оқу орындарының өкілдерімен жаңарту және күшейту жұмыстары жүргізілді.

2022 жылғы 31-қаңтарда Нұр-Сұлтан қаласындағы Жобалық офисте жаңа құраммен жиналыс өткізіліп, онда Мемлекеттік комиссияның Жобалық офисінің жетекшісі С.А. Қасымов баяндама жасады. Жиналысқа Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімінің орынбасары В.В. Порубаймех, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры З.Е. Қабулдинов және Жобалық офистің жаңа құрамы қатысты. Жобалық офистің жаңа құрамы өздерінің лауазымдық міндеттеріне сәйкес жұмысқа кірісті.