09 сәу, 2021 сағат 15:55

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау бағытындағы жұмыстарға қанша қаржы жұмсалады?

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау бағытында ұйымдастырылатын жұмыстарға қанша қаражат бағытталатынын айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Республика дейгейінде биылға 250 млн теңге жоспарланған. Бұл тек орталық органдар деңгейінде. Бұған қоса, атқарылатын жұмыс көлеміне қарай өңірлердегі әкімдерге нақты тапсырма берілді. Яғни барша комиссия мүшелері мен өңірлік комиссияның жұмысы үшін қажетті қаржылық ресурстармен және материалдық-техникалық базамен қамтамасыз ету ескерілген», - деді Тоғжанов Орталық коммуникациялар қызметінде. 

Өз кезегінде ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Берік Әбдіғалиұлы бұл қаражат қандай жұмыстарға бағытталатынын түсіндірді. 

«Бұл тұрғыда ғалымдарға, мамандарға және сарапшыларға жалақы төленеді. Себебі олар қосымша жүктеме алып жұмыс істейді. Ғалымдар уақытша негізгі жұмысынан босатылып, архивтерде және басқа да мекемелерде зерттеу жүргізеді. Сондықтан негізгі қор – ол жалақы», - деді депутат.