02 нау, 2022 сағат 11:12

Саясат Нұрбек Мәжіліс депутаты атанды


Саясат Нұрбек Парламент Мәжілісі депутаты болып сайланды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Саясат Нұрбек Орталық сайлау комиссиясының қаулысымен Amanat партиясының атынан Мәжіліс депутаты ретінде сайланып, ант берді. 

Сондай-ақ, ол Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің құрамына сайланды. 

Саясат Нұрбек 1981 жылы 18 мамырда Семей қаласында дүниеге келген. Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің заң факультетін бітірген. Сингапурда мемлекеттік қызмет колледжінде, АҚШ-тың Индиана штатында Нотр Дэйм университетінде оқыды, Римде La Sapienza университетінде халықаралық қауіпсіздік және геосаясат магистрі дәрежесін алды, Римдегі ICU институтында 2 жылдық тағылымдамадан өтті.

2000-2002 жылдары конгресмен Марк Смиттің сайлауалды науқанында жеке көмекшісі, Айова штаты үкіметінің ақпараттық технологиялар департаментінде инновациялық технологиялар қызметкері болды.

2002-2006 жылдары Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде "Мемлекет пен құқық теориясы және тарихы" кафедрасында оқытушы, Қазақстан жастар конгресінің атқарушы директоры және Астанадағы "Art-Motion" ЖШС-да промоушн және дизайн агенттігінің директоры.

2006-2008 жылдары - Туриндегі қысқы Олимпиадалық ойындарда TOROS-та ұйымдастыру комитетінің аудармашысы, "Қазына" Орнықты даму қоры" АҚ инвестициялық жобалар департаментінің менеджері, басқарма төрағасының кеңесшісі, ҚР Президенті Әкімшілігінің кадр жұмыстары және мемлекеттік бақылау бөлімінің кадр саясаты секторының меңгерушісі.

2008-2009 жылдары - ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының мемлекеттік және жергілікті басқару институтының менеджмент кафедрасының доценті, ғылым және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі вице-ректоры. "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ" АҚ кадр саясаты және персоналды басқару департаментінің атқарушы директоры.

2010-2013 жылдары Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі "Халықаралық бағдарламалар орталығы" АҚ президенті болды.

2013 жылдан бастап "Нұр Отан" қоғамдық саяси институтының директоры болды.

Еске салайық, бұған дейін Дариға Назарбаева Мәжілістен кететінін мәлімдеген болатын. Nur Otan партиясы Парламенті Мәжілісі депутатының бос мандатын партиялық тізім бойынша Саясат Нұрбекке беру туралы шешім қабылданды.