Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Хабар» және «Хабар 24» телеарналарына берген сұхбатында Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевпен қарым-қатынасы туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Сұхбат жүргізушісі Вера Захарчук «Тұңғыш Президентпен арада қандай да бір келісім немесе уағдаластықтарыңыз бар ма? Ол бірнеше күн көрінбей қалғанда, араңызда бірқатар сұрақтар бойынша, басымдықтар мен қол сұғылмаушылық, оның отбасына артықшылықтар бойынша саудаластық болды деген пікірлер бар» деген сұрақ қойды.
«Жоқ, әрине ешқандай саудаластық болған жоқ, жеке басымдықтары туралы да сөз болмады. Жалғыз әңгіме – Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы мәртебесі мәселесін тез арада шешу қажет болды. Жасырары жоқ, жағдай күрделенген сәтте халыққа үндеу жасаймын, осы сәттен бастап Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы өзім болатынымды жариялаймын деген мәселені ашық көтердім. Бұл мәселе сол сәтте-ақ шешілді», - деді Президент.
Сонымен бірге, Мемлекет басшысы 28 қаңтарда Nur Otan партиясының кезектен тыс съезі өткенін еске салды.
«Мен онда сөз сөйлеп, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тарихи рөліне баға бердім. Бұл баға өте әділетті деп есептеймін және келешекте адамдар осы сипаттамаға бағдарланады деп үміттенемін», - деді Тоқаев.