Отбасында береке-бірлік, татулық пен тыныштық болса, сол ұядан түлеген әр баланың жүрегінде мейірім, ізгілік нұры болады. Жүрегінде жылуы бар ұрпақ қия баспайды, жамандыққа жоламайды. Мұндай шаңырақтан шыққан азаматта қылмысқа да, бұзақылыққа да орын жоқ. Яғни ізгі қоғам қалыптастыру әрбір үйден бастау алады.
Осы орайда «Бейсана» қазақстандық психологтар қоғамдастығы Астана қаласы әкімдігінің «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығында осал топтағы отбасыларға «Сауатты ата-ана – сау отбасы» атты семинар-тренингін өткізді. Бұл туралы Ult.kz тілшісі хабарлайды.
10 қыркүйекте өткен шарада кәсіби мол тәжірибесі бар психологтар бала тәрбиесіндегі ескеретін маңызды мәселелер, ерлі-зайыптылардың қарым-қатынасы мен отбасы мүшелерінің денсаулығына қатысты мазмұнды әңгімелер айтып, практикалық жұмыстар жүргізді.
Төрт баланың анасы Қызғалдақ Абилова жолдасымен 24 жыл бірге тұрып жатқанын айтты. Ол «отбасы болғасын ыдыс-аяқ сылдырламай қоймайды, бірақ дұрыс қарым-қатынас құру әркімнің жауапкершілігінде» деп есептейді.
«Бәрімізде кейде қаржының жетіспеушілігінен жолдасымызбен конфликт болып қалады. Сол кезде оны балаға естіртпеуге тырысуымыз керек екенін білеміз ғой, бірақ соны істей алмаймыз. Бүгінгі семинарда мамандар бізге соны қалай істеу керектігін жақсы түсіндірді. Балаларымыздың қандай болып өсетіні ата-ананың жауапкершілігінде ғой. Психологтар дұрыс армандау керектігі туралы да жақсы айтты. Практикалық жұмыстары ата-ана ретіндегі жауапкершілігімізді сезінуге, өзімізді түсінуге көмектесті», ‒ дейді төрт баланың анасы.
Қызғалдақ Абилова ата-аналарға арналған осындай семинар-тренингтер жиі өткізіліп тұрса дейді.
«Мысалы менің танысым жолдасымен қатты ұрысады. Балаларының көзінше неше түрлі жаман сөздер айтады, жолдасын сынап-мінеп, төмендетіп тастайды. Мұның бәрі балаларына әсер етіп жатыр ғой деп ойлаймын. Ондай адамдар қоғамда көп қой. Сондай ата-аналарды осындай семинарларға шақырса екен, жиі өтсе екен деймін. Себебі мұндай шаралардың қоғамға пайдасы мол», ‒ деді көп балалы ана.
«Сауатты ата-ана – сау отбасы» семинар бағдарламасында «Балаланы асыра сілтемей мақтаудың, зиян тигізбей сынаудың тәсілі бар ма?», «Ер мен әйел қақтығысының бала психологиясына зияны», «Отбасындағы жайлылық пен жайсыздықтың бала денсаулығына әсері», «Жасөспірім кезеңнің ерекшеліктері» тақырыптары көтерілді.
Сонымен қатар «Бейсана» қоғамдастығының төрайымы психолог, психотерапевт Ғалияш Махашова мен Отбасы академиясының негізін қалаушы, отбасылық психолог Ержан Мырзабаев келушілерге практикалық жаттығулар өткізді.
Бейсана» қоғамдастығының ең бірінші мақсаты ‒ еліміздегі, әсіресе қазақтілді аудиторияның психологиялық сауаттылығын арттыру екенін айтады мамандар.
«Көп жұмысымыз ата-ана мен балалардың арасындағы қарым қатынастың жақсаруына, ата-ананың сауаттылығына арналады. Егер ата-ана сауатты болатын болса, сау ұрпақ өседі. Ата-ана өз баласына қысым жасамайтын болса, өзіне жасаған қателікті баласына жасамайтын болса, «кезінде менімен жасағанмен, қазір мен не жасай аламын» деп, өз ата-анасынан алған пайдалысын ұрпағына берсе, өзіне зиянды болған жағын сауаттылықпен сүзгіден өткізсе, сол ‒ ата-ананың үлкен жетістігі. Психологиялық сауатты ата-ана өзіне, болашағына сенімді бала тәрбиелейді», ‒ дейді «Бейсана» қоғамдастығының төрайымы Ғалияш Махашова.
Психотерапевт Ғ. Махашованың айтуынша жеке терапияға баруға мүмкіндігі жоқ, әсіресе осал топтағы ата-аналардың немесе білімге онша құштар емес адамдардың, не болмаса армандарынан, мүмкіндіктерінен қол үзіп қалған, бас тартқан немес алдына мақсат қоя алмай жатқан ата-аналардың және күйзеліске ұшырағандардың психологиялық саулығына көбірек көңіл бөлу қоғамдастық мақсаты. Себебі көп проблема сол отбасылардан шығады.
«Гомеостаз, яғни дамымай қалған отбасылардан өзіне сенімсіз баланың, депрессияға ұшыраған жастардың, конфликтіге көп түсетін немесе тіпті түрмеге түсетіндердің, психикалық, психологиялық түрлі ауруларға шалдыққан адамдардың сол жерден шығатыны бар. Сондықтан ең бірінші оларға мемлекеттен көмек қаржылай ғана емес, кәсіби мықты мамандар олардың түсіне білетін тілінде психологиялық сауатын арттыру арқылы қажет. Олардың тәнімен бірге жанын да емдеудің маңызы зор. Егер осал топтағы ата-аналардың білімге деген құштарлығы, өзін тануға, өзімен қарым-қатынасты жақсартуға, өзін бағалауды үйренуге және өзінің отбасымен экологиялық қарым қатынас құруға деген ынтасын сәл де болса арттыратын болсақ, біз еліміздің саулығына, өркендеуіне тамаша үлес қосқанымыз», ‒ дейді маман.
«Байсана» қазақстандық психологтар қоғамдастығы әзірге өз қаражаттарына жұмыс істеп жатқан көрінеді. Ғалияш Махашова ұйымға үлкен қолдау керек екенін айтады.
«Бізді естігісі келетін, көргісі келетін аудиторияның бар екенін көріп жатырмыз. Біздің қоғамдастықтың жұмысын бағалап жатқан, тағы осындай семинарлар өткізіңіздерші деп сұрап, пайдасын сезініп жатқандар көп. Жұмыс істеуге құлшынысымыз жоғары, себебі пайдалы іспен айналысып жатқанымызды білеміз», ‒ дейді «Бейсана» қоғамдастығығың төрайымы.
Ғалияш Махашова орыстілді психология жақсы дамыған, алайда қазақтілді кәсіби психологияны әлі де дамыту қажет деп санайды. Сондықтан «Бейсана» қоғамдастығы жұмысының көп бөлігін қазақ тілінде жүргізуге арнап отыр екен.
«Сондай-ақ болашақта қазақтілді мамандардың және жас мамандардың психологиялық біліктілігін арттыруға көмектескіміз келеді. Оған қоса үлкен жобаларымыз бар. Мемлекеттің қолдауына ие болатын болсақ, жылдық үлкен жобалар жасау арқылы мұғалімдерге, психологтар мен ата-аналарға балалардың жас ерекшелік психологиясын кәсіби түрде практикалық жұмыстармен үйлестіре отырып, таныстырғымыз келеді. Бұдан бөлек, қазақ тілінде сауатты жазылған, өз еліміздегі эсперименталды ортада жұмыс жүргізілген әдістемелік құралдар мен кітаптар жазғымыз келеді. Ол тәжірибелер біздің қазақи тәрбиелік призмадан өткен болады. Бұл да біздің «Бейсана» қоғамдастығының бір мақсаты», ‒ дейді ол.
