05 қаз, 2017 сағат 10:39

Сауапты іс жасау үшін мешіт салу міндетті емес - Ермекбаев

Елордада «Уақып» корпоративтік қайырымдылық қорының таныстырылымы болып өтті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігіне сілтем жасап.

Шара барысында «Уақып» қайырымдылық қоры қамқоршылар кеңесінің төрағасы, министр Нұрлан Ермекбаев сөз сөйлеп, Қазақстанда игілікті, сауапты істер жасауға ниетті адамдардың қатары көбейіп келе жатқанын баса айтты.

«Дін жолында «сауапты іс» жасау үшін тек қана мешіт салу міндетті емес. Қоғам үшін пайдалы болып есептелетін кез-келген игілікті істі жасауға  болады. Оның ішінде мектептер, ауруханалар, жол салу, көпір салу секілді қоғамға пайдалы кез келген іс сауапқа жатады. Қордың жұмысы аталған мәселені шешуге бағытталған. Ол қайырымдылық жасау жолындағы істерді тиімді жүйеге салуға үлес қосады. Ең бастысы - бәрі ашық және қоғам үшін пайдалы болуы тиіс», - деді Нұрлан Ермекбаев.

Қордың қаражаты діни ғимараттар мен әлеуметтік нысандарды салуға, діни қызметкерлер мен кедейлерге, жұмыссыздар мен мүгедектерге қолдау көрсетуге арналған жобаларды іске асыруға бағытталады.

Н. Ермекбаевтың айтуынша, мұндай мекемелер қайырымдылық жасау  дәстүрлері қалыптасқан көптеген елдерде кең таралған. «Вакф» Институты мұсылман елдерінің халықтары арасында кеңінен қолданылады, сондай-ақ арнайы құрылған «Вакф» министрліктері де жұмыс істейді. Аталған жүйе қазірдің өзінде Таяу Шығыстағы ислам елдерінде ғана емес, сонымен қатар зайырлы мемлекеттерде де жүзеге асырылуда.  Мысалы, Ресей Федерациясының кейбір өңірлерінде, Қырғызстан мен Түркияда бар.

Іс-шара соңында «Уақып» Қоры мен «Аль Сакр Финанс» АҚ, «Астана Банкі» АҚ арасындағы  ынтымақтастық туралы меморандумдар бекітіліп, меценаттар қайырымдылық көмек көрсетуге уағдаласты.