09 қар, 2022 сағат 14:14

Сатирик Көпен Әмірбек ауыр дертке шалдықты


Танымал сықақшы әрі журналист Көпен Әмірбек ауыр сырқатқа шалдыққан. Бұл туралы ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Серік Сейітман Facebook парақшасында жазба қалдырды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Оның сөзінше, ағамыздың еміне қомақты қаржы керек екен.

"Ұзынқұлақтан хабардар боларсыздар, қазақтың көзі тірі классигі Көпен Әмірбек ағамыз сырқаттанып қалды. Аты жаман ауру ол кісіні соңғы екі-үш ай ішінде қатты мазалап барады. 

Астанадағы көпсалалы онкология ауруларын емдейтін орталықта хирургиялық отадан және ҚР Президенті Іс басқармасының Медициналық орталығындағы бас гастроэнтеролог, медицина ғылымдарының докторы, профессор Б.Р.Бимбетовтың 2022 жылғы 19 қазандағы ұсынысы бойынша, шетелдік «Здравница Дмитрия  Раевского» ЖШС емдеу орталығының Астанадағы филиалынан интегративтік терапия алу үшін тексерілуден өтті. 

Аталған Орталық үш айлық емдеу жоспарын ұсынып отыр: ем-шараның құны 17 920 000 (он жеті миллион тоғыз жүз жиырма мың) теңгені  құрайды. Қаламгерде ондай қаржылық мүмкіндік жоқтығына байланысты ағайын-туыстар бастапқы емдеу ісіне ортадан қаражат шығарды. Қазір ол да түгесіліп барады. 

Сондықтан билік басындағы Ел азаматтары мен іскер топ өкілдерін осы жағдайға бей-жай қарамай, мүмкіндігінше қол ұшын созуға шақырамыз. Байланыс нөміріміз: +7 702 482 88 45", - делінген жазбада.

Айта кетейік, белгілі қаламгердің "Аты жоқ кітап", "Алып", "Тілім қышып барады", "Қысыр әңгіме", "Ауызбастырық", "Мың бір мысал", "Неменеңе жетісіп күлесің?", "Өзіңді танисың ба?", "Сайдағы қойшыдан сарайдағы патшаға дейін" атты әзіл-сықақ, пародия кітаптары бар.