22 мам, 2021 сағат 01:21

Сәтбаев тұрғыны отадан кейін ішінде қалып қойған дәкемен бір жыл жүрген


Елордада отадан шыққан 49 жастағы азамат іш құрылысынан дәке шыққанын айтады. Бір жыл бойы қызуы көтеріліп, қиналған Қарағанды облысы Сәтбаев тұрғынының бармаған ауруханасы қалмаған, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Талғат Елубаевтың айтуынша, осыдан бір жыл бұрын Жезқазған ауруханасының дәрігерлері бүйрегінде тас бар деп ота жасаған. 

Бірақ бүйрекке ота жасағаннан кейін оның жағдайы ушығып кетеді. 

Дәрігерлер оған инфекция түскен деп тағы операция жасаған. Алайда ауру одан сайын асқынып кетті дейді. 

Жаны қиналған азамат елорданың бірінші ауруханасына түседі. Сөзінше, кеше ота жасау кезінде дәрігерлер оның ішінен дәке алып шыққан.

«Ішінде шіріп кеткен дейді. Соны алып шықты», - дейді науқас Талғат Елубаев.

Оның туысы Гүлмира Елубаева ағасын ауыр халге түсірген Жезқазған дәрігерлерін жазалауды сұрайды. 

Айтуынша, ақ халаттылардың кесірінен Талғат Елубаевтың денсаулығына айтарлықтай зақым келген. 

«Біздің Жезқазғанның былығы. Дәрігерлердің салғырттығы осымен бір емес, екінші рет қайталанып отыр. Олар бүйректің ішін ашқан кезде бүйрек сау болып шықты. Оны қайта жапты. Сол жапқаннан инфекция түсірді. Инфекцияның соңы осылай ушығып тұр. Астанаға ең соңғы үмітімімізбен келіп тұрмыз, кеше осы қалалық ауруханада операция жасалды ағама, ішінен дәке жібімен бірге шықты. Сол іріңдеп кеткен. Қанша рет УДЗ-ға түсті, неге білмеді?»,- дейді науқастың туысы Гүлмира Елубаева. 

Ал Жезқазған қалалық орталық ауруханасынан сұхбат алу мүмкін болмады. 

Ал Қарағанды облысының денсаулық сақтау басқармасы осы жағдайға қатысты тексеру басталғанын жеткізді.