04 қаң, 2022 сағат 15:02

"SARS-CoV-2 вирусы жоқ": желіде коронавирусқа қатысты жалған ақпарат тарады


Әлеуметтік желі мен мессенджерлерде коронавирус инфекциясына қатысты тағы бір жалған ақпарат тарады. Бұл жолы Telegram мессенджерінде қазақстандықтар дәрігер Рамин Имановтың сөйлеген сөзінің видеосын тарап жатыр, - деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Видеода COVID-19 – бұл улану, SARS-CoV-2 вирусы жоқ, ал ауруханалардағы дәрігерлер өлім-жітімді арттыру үшін пациенттерді жасанды тыныс алу аппараттарына қосады делінген. StopFake.kz бұл ақпаратты жоққа шығарып, мән-жайды түсіндірді.

"Рамин Иманов – химтрейлдер теориясы сияқты қастандық теорияларын жақтайтын мәлімдемелерімен танымал украиналық дәрігер. Бұған дейін украиндық фаткчекерлер оның COVID-19 вирустық ауру емес, ұшақтар шашатын бериллий форидімен улану деген пікірін жоққа шығарған", - деп хабарлады StopFake.

Рамин Иманов Sars-CoV-2 вирусын ол жоқ деп мәлімдеп, жаппай улау нұсқасын қолдайды. Бұл теория бірнеше рет теріске шығарылды. SARS-CoV-2 коронавирусының геномы Қытайда 2020 жылдың қаңтарында, содан кейін басқа елдерде толығымен анықталды.

"COVID-19 ауыр түрде ауырған адамдарды тыныс алуға көмектесу үшін жасанды тыныс алу құрылғыларына қосады. Жасанды тыныс алу аппараттарына қосу – дәрігерлер барлық басқа амалдар таусылған кезде ғана жүгінетін төтенше шара", - деп түсіндірді мамандар.

Қазақстандық жалған ақпаратпен күресушілер доктор Имановтың COVID-19 С витаминінің көмегімен емдеу туралы сөздеріне де сенуге болмайтынын айтты.

"Әлемдік ғалымдар бұл витаминнің ауруға қалай әсер ететінін зерттеді. Олар С витамині пайдалы болғанымен, оны қолдану COVID-19 және пневмонияны емдеуге айтарлықтай әсер етпейді деген қорытындыға келді", - деп жазды StopFake.kz.

Айта кетері, COVID-19 белгілері байқалса, жалған ақпарат жетегінде кетпей, тексерілген ақпаратқа сеніп, медицина қызметкерлеріне жүгіну қажет.