Алматы облысы Сарқан қаласында церебралды сал ауруы бар 4 жасар қызды өлтірді деген күдіктілер қамауға алынды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Күдікті - қыздың анасы мен оның туған ағасы. Полиция мәліметінше, олар 4 жасар қызды тұншықтырып, денесін қаладағы қоқысқа тастағанын мойындаған.
Қылмыстық іс Қылмыстық кодекстің 99-бабының 3-бөлігі бойынша тергелуде, бұл бапта кәмелетке толмаған баланы өлтіргені үшін жаза қарастырылған. Күдіктілер уақытша ұстау абақтысына қамалды. Олардың мүлкі тәркіленіп, ұзақ мерзімге сотталуы немесе өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Еске салайық, 19 мамырда Алматы облысында 4-5 жас аралығындағы қыз қоқыстан өлі табылғаны хабарланған болатын.
Полицейлер бала мен оның анасының жеке басын анықтады. Баланың анасы 19 жастағы жергілікті тұрғын болып шыққан.
Оның айтуынша, қызы 2017 жылы дүниеге келген. Ол церебральді сал ауруына шалдыққан, сондай-ақ, балада туа біткен ақыл-ой кемістігі болған. Биыл ақпанда ауырып, кенет қайтыс болған. Сондықтан әйел ағасымен бірге қызды қала шетіне жасырын түрде жерлеген.