27 ақп, 2017 сағат 11:12

Сарайшықты сақтай аламыз ба?

Атырау облысындағы көне қала Сарайшықтың орнын сақтап қалуға байланысты атқарылып жатқан шаралар әлі де жетілдіруді қажет етеді. Жыл санап Жайық суы шайып, ескі шаһардың қоршауы құлап жатқаны бұған дейін де бірнеше мәрте жазылып жүр. Бабалар аманатын қорғап, келер ұрпаққа мұра ету мәселесін Атырау облысына жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы да көтерді. Қазба орнына арнайы барған министр «Хан ордалы Сарайшық» тарихи-мәдени кешенінің жұмысымен танысты.

Көне шаһардың көшірмесі жасалуда

Сарайшық – Қазақ хандығының ең алғашқы астанасы. Қала Жайық өзенінің жағасында, Атырау қаласынан елу шақырым қашықтықта орналасқан. Көне қалашыққа табан тіреген меймандарды мұражай директоры Молдаш Бердімұратов қ алды.

- Сарайшық – қазақ даласындағы ең көне тарихи орын. Бұл жерде кезінде үш жүзге толықтай мойындалған 12 әулие жерленген. Сарайшықта жүзден аса хан билік  құрған.

Бұлардың ішінде Қасым ханның қазақ тарихында алар орны ерекше. 1513 жылы Қасым хан Сарайшықты Қазақ хандығының ең алғашқы астанасы деп жариялады. Ол кезде қаланың ұзындығы шамамен он, ені сегіз шақырымға дейін созылған. Қасым ханға қарайтын халықтың саны бір миллионға жетіп, жүз мың әскері болған. Қасым дәуірінде қазақ іргелі ел атанып, алыс-жақын мемлекеттерді өзімен санасуға мәжбүр еткен.

Ших Мамай – Қасым ханның күйеу баласы, Әмір Оқастың туған немересі. Сарайшықта ең соңғы жерленген Жүсіп хан екен. Жүсіп хан мұсылман, ал, інісі Исмайл христиан дінін қабылдаған. Жүсіп орыстармен болған шайқаста қаза тауып, кейін оның ұрпақтары түгелдей христиан дініне өтеді. Ақсақалдың айтуынша, Мәскеудегі атақты Исмайловтар мен Юсуповтар Қасым ханның ұрпақтары көрінеді.

Сондай-ақ, қазіргі мұражайдың жанындағы хандар жерленген моланың символдық бейнесі ретінде ескерткіштің ортасына топырақ үйіліп, үстіне тастар қойылыпты. Жеті ханның сүйегі жатқанмен әзірге оның біреуі ғана табылған. Болжам бойынша, ол Қасым ханның сүйегі болуы мүмкін. Болжамға сәйкес, Қасым хан жерленген орынға мазар тұрғызылса игі іс болар еді, - дейді Молдаш Бердімұратов.

Бұдан кейін Мәдениет министрі бастаған бір топ археолог пен тарихшылар Сарайшық қаласының қазбасы жатқан орынға келді. Бұл жерде Орта ғасырдағы көне Сарайшық қаласы көшірмесінің құрылысы жасалынған анықтамалық құжат тұр. «АИС-Астана» ЖШС көне қаланың маңындағы құрылыс жұмыстарымен төрт ай бойына айналысуда. Жобаның құжаттамасына сәйкес, көне қалашықтың маңында жайлы демалыс орны, әдемі жағалауы болады деп жоспарланған. Туристерге арналған павилиондар да бұл жерден бой көтереді деп күтілуде. Құрылыс жұмыстары 2018 жылдың сәуір айында аяқталады.

Байқағанымздай, көне қаланың 6,5 бөлігін су шайып, орнында із қалмаған. Сол себепті, тарихи мекенді сақтап қалуда әлі де атқарылар жұмыстар жетерлік. 

Қаланы сақтауға – 1 миллиард 600 миллион теңге

  Көне қалашықтың тағдыры облыстық әкімдікте өткен кеңейтілген кеңесте кеңінен талқыланды. Алқалы жиынды ашқан аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев алдымен Махамбет ауданында орналасқан байырғы Сарайшық қалашығының ерекшелігіне кеңірек тоқталды.

- Баршамызға белгілі, Алтын Орда астаналарының бірі болған, инфрақұрылымы барлық талаптарға сай дамып, мәдениет пен өркениеттің орталығы атанған көне қаланың тамыры тереңде жатыр. Тарихтың ақтаңдақ тұстары мен елге еңбегі сіңген асыл азаматтарды еске алумен бірге Сарайшықты да дәріптеуіміз тиіс. Келешек ұрпақтың бойына рух, тәрбие, отансүйгіштікті сіңіруде мәдени байлығымызды жаңғыртуымыз қажет,-деген Нұрлан Асқарұлы осы істің басы-қасында ұйытқы болып, Сарайшықты ашық музейге, мәдениет орталығына айналдыру бастамасына үлес қосып, қолдау танытқан ҚР Мәдениет және Спорт министрлігіне ризашылығын білдірді. 

-Қазақ хандығының 550 жылдығы аясында Тараз қаласында ашық археологиялық музей жасадық. Түркістан қаласын Түрік мемлекеттері ұйымдарының астанасы деп наурыз айында үлкен шара өткізгелі отырмыз. Мұның бәрі дүниежүзіне  бізде сәулет өнерінің  бұрыннан  бар болғанын көрсетуге бағытталған. 2015 жылы еліміздегі сегіз қала «Ұлы Жібек жолы» аталымына енді. Қытай, Қырғызстан мемлекеттерімен бірлесіп керуен жолына кіретін қалалардың тізімін дайындадық. Қазір осы жобаның екінші кезеңін жүзеге асырудамыз. Алтын Орданың астанасы болған Сарайшық қаласын әрі қарай әрлендіруге министрлік мүдделі және облыстық әкімшілік тарапынан нақты шаралар атқарылып жатқанына куә болдық, - деді Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Сарайшықты сақтап қалу жұмыстарына облыстық әкімдік 1 млрд 600 миллион теңге қаржы бөлген. Қазір жаға бекітіліп жатыр. Тым болмағанда көне қаланың жер бетінде қалған бөлігін су шайып кетпеуіне тосқауыл қоя алсақ жақсы.

Ескерткіштер Жайыққа жұтылып барады

Бағзы заманның көзі болған қалаға 20 жылға жуық уақыт бойы зерттеу жүргізіп келе жатқан Әлкей Марғұлан атындағы археология институты Астана бөлімшесінің бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы Зейнолла Самашев жер телімдерін заңдастыру мәселесіне назар аудару керектігін айтты. «Қаланың нақты аумағын белгілеу қажет. 1997 жылы орталық бөлігін анықтадық, одан бері де біраз уақыт өтті, көп нәрсені су шайды. 1989 жылдан бері қарай 60 метр жер Жайыққа жұтылып кетті. Қанша тарихи жәдігерлерімізді жоғалтып алдық? «Хан ордалы Сарайшық» кешеніндегі музейді кеңейту мәселесі де ұмыт қалмағаны жөн. Туристік-музейлік инфрақұрылымды дамыту керек» - дейді археолог.

Облыстық құрылыс басқармасының басшысы Тілек Махуов оң жақ жағалаудың су әсерінен шайылып, Жайық өзені арнасының қалашық орнына қарай жылжуына байланысты жаға бекіту жұмыстарының жүргізіліп жатқанынан хабардар етті. Қазір нысан басында жер жұмыстары аяқталып, қадалар қағылып жатыр. Жоба бойынша Сарайшық ауылы іргесінен ұзындығы 1,5 шақырым болатын жағалау құрылысын салу көзделген.

«Жұмыс мұнымен шектелмеуі керек, - деді министр Арыстанбек Мұхамедиұлы. - Сарайшықты қалыпқа келтіріп, халықтың игілігіне беруге тиіспіз. Археологиялық қазбалар жүргізуді жалғастырамыз. Табылған жәдігерлерді қалпына келтіреміз. Осы бағыттағы шараларға қолдау көрсетіп, бірігіп жұмыс істеуге дайынбыз».

Мәскеу құжатын негізге алу керек

Ал, облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекцияның басшысы Мұқамбетқали Кипиев Мәскеудегі Ресей мемлекеттік әскери-тарихи мұрағатында сақталған Сарайшық қалашығының 1861 жылы қолмен сызылған картасының көшірмесін негізге алу керек деген пікірін айтады.  Оның ойынша, карта Сарайшық қалашығының көп бөлігі сумен шайылып кетті деген тұжырымды өзгертеді. «Біз картаны Сарайшықтың қазіргі кезеңдегі жағдайымен салыстыра қарау үшін спутниктік түсіріліммен байланыстырдық. Оның қорытындысын қарасақ, Сарайшықтың бұрын су шайылып кетті деген орны әлі де сақталған және жергілікті халық аңыз қылып айтатын Секер көлінің орыны да бар, картада көрсетілген екі әулиелі орын 150 жылдан астам уақыт өтсе де жоғалмаған.  Сол себепті, карта Сарайшықтың тарихымен қоса, оны одан әрі сақтау жұмысын жаңаша жүргізуге жол ашады деп есептейміз. Бұл Жайық өзенінің жағалауын бекіту жұмысының маңыздылығын одан әрі арттыра түседі» - деді Мұхамбетқали Кипиев. 

Сарайшықты тарихи-мәдени ірі орталыққа айналдыру мәселесіне ҚР Парламенті Сенатының депутаты Сәрсенбай Еңсегенов, философия ғылымдарының докторы Ғарифолла Есім,  тарих ғылымдарының докторлары Карл Байпақов, Берекет Кәрібаев, Бүркіт Аяған секілді ғалымдар, мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын Есенғали Раушанов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Мереке Құлкенов, Қойшығұл Жылқышиевтер да үн қосып, өз ойларын ортаға салды. . 

Қалай болғанда да кешегінің көзі тарихтың өзі болған байырғы қаланы  болашақ ұрпаққа  жеткізу  бүгінгі міндет  екені  ұмытылмаса  болғаны.

Нұргүл ЫСМАҒҰЛОВА

Ұлт порталы