03 сәу, 2017 сағат 10:19

Сарайшық қаласы консервацияланады - Мұxамедиұлы

ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұxамедиұлының айтуынша, бүгінде табиғи-климаттық және антропогендік факторлардың әсерінен Сарайшық қаласын сақтау және қалпына келтіру мәселелері өзекті болып тұр, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бұл проблемаларға біз білікті шетелдік және отандық ғалымдардың назарын аудартуымыз керек. Сөйтіп, ұтымды бірлескен шешімдер қабылдағанымыз жөн. 

Жалпы алғанда, қаланы сақтауға жауапты мемлекеттік органдар мен ұйымдар, ғалымдар мен өзге де мүдделі тараптар қалашыққа қатысты күрделі мәселелерді бірлесіп шешуге атсалысуы қажет. Мәселен, Жайық өзенінің жағалауын бекіту жұмыстарын аяқтау, археологиялық қазба жұмыстарын жалғастыру, осыдан кейін қалашықта консервациялау жұмыстарына барлық ресурстарды жұмылдыруымыз керек», - деді Мұxамедиұлы бүгін Астанадағы xалықаралық конференцияның ашылу салтанатында.


Министрдің сөзіне қарағанда, Сарайшық қалашығының туристік тартымдылығын арттыру үшін көне мұрамызды ашық аспан астындағы музейге айналдырып, өңірдің туристік инфрақұрылымын дамытуға күш салғанымыз жөн. Сондай-ақ, облыстық «Хан Ордалы Сарайшық» музей-қорығының жұмысын жетілдіріп, экспозициясын кеңейткеніміз абзал.

«Өз кезегінде Мәдениет және спорт министрлігі 2015 жылы «Сарайшық» қалашығының археологиялық ескерткіштерін реставрациялау және консервациялау жұмыстарының жобалау-сметалық жұмыстарын әзірлесе, 2017 жылы қалашықты консервациялау жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отыр. Осы бағыттағы жұмыстарды алдағы жылдары да жалғастырамыз», - деп атап көрсетті Мұxамедиұлы.

Айта кетейік, Сарайшық қалашығы 100 га көлемі бар, XIII-XVI ғғ. жатады. Жайық өзенінің оң жақ жағалауында, Атырау қаласынан 55 шақырым жерде орналасқан. Археологиялық зерттеулер нәтижесінде Сарайшықтан Шығыс пен Батыстың ортағасырлық өркениетті орталықтармен сауда-экономикалық және мәдени байланысы туралы ақпарат беретін және Алтын Орда дәуірінің қалалық мәдениетінің бай материалдары табылды. «Хан» қоғамдық құрылысының архитектуралық орналасуының кезеңдеріне зерттеу жүргізілді. Зерттеу барысында «ханның» салу ерекшеліктері анықталды. Сонымен бірге, өткен маусымда бес құрылыс кезеңін анықтауға мүмкіндік алынды. Археологиялық зерттеу барысында қалашықта нумизматикалық материалдардан басқа қалалықтардың көптеген күнделікті қолданыс заттары табылды: қыштан жасалған заттар (құман, құмшы, шығыр, құмыралар, көзелер, шырақтар, түбектер, кесе, пияла) өсімдіктер мен зооморфты өрнектер және түрлі араб шрифтімен, сонымен бірге, трапезундық және қырым амфораларыныњ бөлшектері, қытай фарфорынан жасалған табақтың бөліктерімен безендірілген. Қазбалар барысында көптеген сүйектен, темір мен қоладан жасалған бұйымдар кездеседі. Одан басқа, ортағасырлық моншаның қалдығы табылып, зерттелді. Сарайшықта салтанатты сәулетті сарайлар, керуен-сарайлар, моншалар, мешіт-медреселер және басқа да ғаламат ғимараттар салынған. Оларды атақты сәулет өнері мектептерінен өткен дарынды шеберлер тұрғызған қаланың өте тамаша жобаланып салынған түзу де кең көшелері мен алаңдары болған. Қаланың келбетінен шығыстың әсері айрықша байқалды.

Қазіргі таңда табиғи-климаттық мен антропогендік факторлардың әсерінен Сарайшық қалашығының жағдайы министрлік, әкімдік, қоғам мен ғалымдар тарапынан алаңдаушылық туғызуда. Ескерткіштің құжатына сәйкес, оның ауданы 100 га. құрайды, алайда ескерткіштің аумағы Жайық өзені шаюының әсерінен жылдан жылға азайып келеді. Қазіргі таңда қалашықтың басым бөлігі Жайық өзенінің әсерінен бұзылған.