15 шіл, 2019 сағат 15:50

Сапарбаев ҚПО басшылығын көпбалалы қызметкерлеріне көмектесуге шақырды

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В» компаниясының Бас директоры Эдвин Бломмен кездесті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кездесу барысында тараптар кәсіпорында еңбек заңнамасының сақталуы, соның ішінде шетелдік мамандарды тарту, сондай-ақ кәсіпорынның көпбалалы және аз қамтылған қызметкерлеріне қолдау көрсету мәселелерін талқылады.

Бердібек Сапарбаев «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б. В» компаниясының әлеуметтік бағдарын және елде жүзеге асырылып жатқан барлық әлеуметтік жобаларға белсенді қатысуын ерекше атап өтіп, Батыс Қазақстан облысы тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартуға қосқан үлесін жоғары бағалады.

Сондай-ақ, ол еңбек заңнамасын сақтау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарға оң баға берді. Ведомство басшысы компанияны көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың әлеуметтік қорғалуына ерекше көңіл бөле отырып, мердігерлік ұйымдардың еңбек ұжымдарындағы жағдайды бақылауды күшейтуге шақырды.

«Өздеріңізге белгілі, бүгінгі таңда Қазақстанда жоғары білікті, соның ішінде 3 және 4 санаттағы мамандар даярлануда. Сондықтан Қазақстанда жоқ мамандар болмаса, бүгінгі таңда шетелдік жұмыс күшін көптеп тартудың қажеттілігі жоқ. Сонымен қатар, Елбасы мен Президенттің тапсырмалары аясында қызметкерлердің еңбекақысын инфляция деңгейін ескере отырып, жыл сайын арттыруға ерекше назар аудару және жұмысшылардың негізсіз қысқаруына жол бермеу қажет», - деп атап өтті Сапарбаев.

Эдвин Бломның мәліметінше, компанияның барлық саласы бойынша жыл сайын жалақы мониторингі жүргізіліп отырады. Осылайша, бүгінгі күні кәсіпорын қызметкерлерінің жалақысы Батыс Қазақстан облысы бойынша орташа жалақыдан 3,3 есе жоғары.

«Кәсіпорынның барлық қызметкерлері үшін тең және әділ еңбек жағдайлары сақталған. Компания басшылығы мен қызметкерлер арасындағы тұрақты диалог мүмкіндігі ұжымдық шарт негізінде қамтамасыз етіледі. Осыған ұқсас талаптар мердігерлік ұйымдарға да қойылатынын атап өту керек. Біз олардың ішкі жағдайын, соның ішінде еңбек заңнамасының сақталуын жоспардан тыс тексерулер жүргізу арқылы үнемі бақылап отырамыз», - деді Э.Блом.