Бердібек Сапарбаев Үкіметтен көтерме-сауда орталығы бірінші кезекте салынатын облыстардың қатарына өзі басқарып отырған Жамбыл өңірін де қосуды сұрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Айта кетсек, Үкімет отырысында Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов биыл Алматы, Павлодар және Түркістан облыстарында ауыл шаруашылығы тауарларын сақтауға арналған 5 көтерме-тарату орталығын салу көзделіп отырғанын мәлім еткен еді. Өз кезегінде Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Үкімет басшысына өтініш білдірді.
«Жамбыл облысы бүкіл Қазақстанда пияз, қант, томат және қарбызбен қамтамасыз ете алады. Екіншіден логистика жөнінен біз Батыс Қытай – Батыс Еуропа жолының бойында тұрмыз. Біздің бір жағымызда - Бішкек, екінші жағымызда - Алматы, Шымкент пен Нұр-Сұлтан қалалары тұр. Министрлікке көтерме-тарату орталығы бойынша 20 және 12 гектарлық екі жер учаскесін ұсындық. Толық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген. Қазіргі таңда қоймамен қамтамасыз ету деңгейі 85 пайыз ғана болып отыр. Соның салдарынан өсіріліп жатқан өнімдерді сату бізге күрделі болып тұр», - деді Үкімет отырысына онлайн-режимде қосылған Бердібек Сапарбаев.
Аймақ басшысы осы себепті көтерме-сауда орталығы бірінші кезекте салынатын облыстардың қатарына Жамбыл өңірін қосуды сұрады.
«Сауда және интеграция министрлігіне тапсырма берсеңіз бірігіп осы мәселені пысықтасақ деп едік», - деді ол.
Өз тарапынан Премьер-министр көтерме-сауда орталығы бірінші кезекте салынатын облыстардың ішіне Жамбыл өңірін де қосу мәселесі қарастырылатынын жеткізді.