11 ақп, 2020 сағат 08:44

Сапарбаев: "Келтірілген шығын көлемін айта алмаймын"

Қордай оқиғасы салдарынан келтірілген шығын көлемі таяу күндері жария етіледі. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысынан кейін Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Өкінішке қарай, әзірше келтірілген шығын көлемін айта алмаймын. Жұмыс тобы жұмыс істеп, зардап келген барлық тұрғын үйлерді, сауда нүктелерін зерделеп жатыр. Таяу күндердің ішінде біз келтірілген шығын көлемін жария етеміз. Содан кейін Үкіметке ұсыныс енгізіледі. Бұған қоса, бүгін атап өткенімдей, аталған өңірден шыққан кәсіпкерлермен, бизнесмендермен зардап шеккендерге көмектесу мәселесін де сөйлесіп жатырмыз», - деді Жамбыл облысының әкімі.

Бердібек Сапарбаев Президент тапсырмасына сәйкес, Жамбыл облысының Қордай ауданында болған жағдайға байланысты құрылған комиссияның төрағасы болып қалатындығын, жұмыс жалғасатындығын атап өтті. Сонымен қатар ол Жамбыл облысының әкімі болып тағайындалуына қатысты пікір білдірді.

«Оны шешетін Мемлекет басшысы. Мемлекет басшысы осындай шешім қабылдағаннан кейін мен оны орындауға міндеттімін. Кезінде министр болсам, қазір әкім ретінде Жамбыл облысында орын алған оқиға салдарын тезірек жоюға қатысты жұмыс істейміз», - деді ол.