Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама зертханаларын жабдықтауға 4,7 млрд теңге бөлінеді. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазақстан Президенті биологиялық қауіпсіздікті болжаудың ұлттық жүйесін құруды және «Биологиялық қауіпсіздік туралы» заңды қабылдауды тапсырды. Аталған тапсырмаларды жүзеге асыру аясында «Қазақстан Республикасының биологиялық қауіпсіздігі туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне биологиялық қауіпсіздік мәселелері бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары әзірленіп, 2021 жылдың 29 маусымында Парламент Мәжілісінің қарауына енгізілді», - деді министр.
Сонымен қатар ол Мемлекет басшысы санитарлық-эпидемиологиялық сараптама зертханаларын халықаралық стандарттарға сай жоғары технологиялы құралдармен қамтамасыз етуді тапсырғанын еске салды. Зертханалық құралдарды жаңарту қажетті зерттеулердің барлық спекорын орындауға, тест өткізу уақытын қысқартуға, мүмкіндік беріп, көрсетілетін қызметтердің сапасын арттырады.
«Бұл мақсатты республикалық бюджет қаражатынан 4,7 млрд теңге көлемінде қаржыландыру көзделген», - деді Алексей Цой.
