Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті бірінші жартыжылдықта атқарған жұмысын қорытындылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Ай сайын бүкіл республика бойынша Ұлттық сараптау орталығының 7 мыңға жуық маманы шамамен 7,2 млн зерттеу жұмысын жүргізеді. Қызметкерлеріміздің осы жұмысының арқасында халықтың денсаулығына қатер төндіретін, талапқа сай келмейтін өнімдер дәл мезгілінде анықталып, инфекциялық аурулардың таралуына жол берілмейді. Осылайша, өнім қауіпсіздігіне ай сайын өткізілетін мониторинг халық тұтынатын 32 мыңнан астам тағам өнімдері мен тауарларды қамтыды. Оның 19,6 пайызы техникалық регламенттердің талаптарына сәйкес болмай шықты. Осы фактілер бойынша 1 мыңнан аса ұйғарым жазылып берілді. 38 млн теңгенің айыппұлы салынды. Айналымнан 16 млн теңгенің 29 тонна қауіпті өнімі тәркіленді», - деді ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті төрайымы Людмила Бюрабекова ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.
Людмила Бюрабекова сонымен қатар, эпидемиологиялық ахуал туралы да сөз қозғады.
«Алғашқы жартыжылдықта аса қауіпті инфекциялардың тіркелу жағдайы кездескен жоқ. Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 32 инфекция бойынша ауру жағдайын азайтуға қол жеткізілді. Атап айтқанда, А гепатитті вирус деңгейі 2,5 есеге, эпидемиялық паратит 2,6 есеге, менингогок инфекциясы 49,4 пайызға, сальмонолоз 26,5 пайызға төмендеді. Қызылша ауруының жиі тіркелуіне байланысты шара қабылданып жатыр. Қазірге дейін елімізде қызылшаға шалдығу бойынша 9 жағдай тіркелді. Аталмыш ауру вакцинациядан өтпеген балаларда кездескенін атап өту керек», - деді комитет басшысы.
Комитет басшысы санитарлық-эпидемиологиялық салада ерекше тәртіппен 20 мыңға тарта тексеру жұмысы жүргізілгенін тілге тиек етті.
«Олардың 16 600 бойынша бұзушылық анықталып, 753 млн теңгенің айыппұлы салынды. Сол секілді жоспардан тыс тексеру кезінде 2 485 нысанда 8 мыңға тарта бұзушылық анықталып, оған жол бергендер 150 млн теңгенің айыппұлын арқалады. Санитарлық-эпидемиологиялық саладағы негізгі бұзушылықтар ретінде өнімдердің сақталу мерзімін қадағаламауын, медициналық тексерістердің болмауын, мерзімі өткен өнімдерді сату, ас блогындағы тазалықтың аздығын атап өтуге болады», - деді Людмила Бюрабекова.