ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты директорының орынбасары Санат Көшкімбаев Украина төңірегінде болып жатқан жағдайға қатысты пікірін білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Мұндай жағдайда құрбан болғандарды ескерер болсақ, проблеманы шешу - диалог, келіссөз және дипломатиялық шешімдер арқылы жүргізілуіең оңтайлы жол. Қазірдің өзінде тек өана әскери қызметшілердің емес, сонымен бірге бейбіт тұрғындардың мерт болғанын кадрлардан көріп отырмыз. Бұл инфрақұрылымның күйреуіне алып келіп, экономикаға соққы болады», -деді ол.
Сарапшы мұның барлығы тараптарды туындаған пробламаны келіссөз үстелінің басында жедел шешуге итермелуі тиістігін баса айтты.
«Қазақстан санкциялық саясатты қолдамайды. Санкциялардың өзі жанжал шиеленіспей тұрып-ақ жария болған еді. Ендігі уақытта ресейлік экономикамен байланысты екендімізге, Ресей негізгі сауда-экономикалық серіктестігіміз болғанына орай бұл жайттың Қазақстан экономикасына әсері болатындығы сөзсіз. Дегенмен, күту қажет. Санкциялардың барлық түрі әлі іске қосылған жоқ. Сол санкциялар іске қосылғанда жағдай түсінікті болады. Мұның үстіне ол бірнеше күн ғана әсер етпейді. Оның ұзақмерзімді сипаттағы әсері бар. Сондықтан Ресей экономикасы мұны қабылдап, оған бейімделуі тиіс. Соған орай бізге де әсері тиеді. Жоғарыда атап өткенімдей, біздің экономикамыз бен Ресейдің экономикасы тығыз байланысты, оның үстіне Еуразиялық экономикалық одақ та бар», - деді Санат Көшкімбаев.