15 қаң, 2018 сағат 11:31

«Самұрық-Қазына» ҰӘҚ басқарма төрағасының орынбасары тағайындалды

«Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ басқарма төрағасының орынбасары болып Алик Айдарбаев тағайындалды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Самұрық-Қазына» ҰӘҚ баспасөз қызметі Алик Айдарбаевтың тағайындалғаны туралы ақпаратты растады.

Сонымен бірге, баспасөз қызметі «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-ның жаңа құрылымы бекітілгенін хабарлады. Жаңа құрылымға сәйкес, басқарушы директорлар саны 10-нан 5-ке дейін, департаменттер мен құрылымдық бөлімшелердің саны 37-ден 27-ге дейін қысқарды. Басқарма төрағасының орынбасары қызметіне бір штаттық бірлік енгізілді. 

«Құрылымға өзгерістер енгізу - басқарудың оңтайлылығын және тиімділігін арттыру, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ трансформациясы процесіне терең үңілу, активтерді басқаруда сатылы құрылым енгізу және Қор құрамына кіретін ұлттық компаниялардың экономикалық тиімділігін арттыру міндеттемелері аясында қажет болды», - делінген баспасөз хабарламасында.

Жаңа құрылымның жұмысы осы жылдың 11 қаңтарынан басталды.

55 жастағы Алик Айдарбаев әр жылдары «Оңтүстікқазмұнайгаз» Мемлекеттік акционерлік қоғамында бас директор орынбасары, вице-президент, «Құмкөл-Лукойл» компаниясының, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-ның бас директоры, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-ның өндіру бойынша атқарушы директоры қызметтерін атқарған.

2011-2013 жылдары «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ бас директоры болған. 2013 жылдың 22 қаңтарынан бастап Алик Айдарбаев Маңғыстау облысының әкімі лауазымында еңбек еткен.

2017 жылдың наурызында ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі болып тағайындалды.