14 қыр, 2020 сағат 14:52

«Самұрық-Қазына» Түркістанға тарту жасады

Бүгін «Самұрық-Қазына» қоры Түркістан облысы әкімдігіне  баға жетпес тарту жасады. Хожа Ахмет Яссауи мұражайы, 7000 орындық стадион, Оқушылар сарайы, Конгресс-холл және «Қазпошта» АҚ облыстық бөлімшесінің ғимаратын тегін тапсырды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат". 


Түркістандағы жаңа нысандар құрылысы Қор мен Түркістан облысы әкімдігі арасында өткен жылы қол қойылған ынтымақтастық туралы меморандум аясында басталған-ды.  

«Жыл басынан бері біз әлеуметтік маңызы бар 6 нысанның құрылысына кірістік. Біріншісі – амфитеатр жыл басында пайдалануға берілді, қалған бесеуін Түркістан облысының әкімдігіне тегін тапсыруға дайынбыз. Құрылыс кезінде бізге әкімдік айтарлықтай қолдау көрсеткенін атап өткім келеді», – деді Қордың басқарма төрағасы Ахметжан Есімов.


Ал облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев  Қорға өңірдің гүлденуіне қосқан үлесі үшін алғыс айтты.  

«Еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың Түркістанды жаңғырту жөніндегі тапсырмасы аясында сіз басқарып отырған «Самұрық-Қазына» қоры облыс орталығындағы әлеуметтік маңызы бар нысандар құрылысын сәтті жүзеге асырды», – деді ол.  

Тараптар Түркістан өлкесін дамытуға қосылатын үлес туралы жаңа меморандумға қол қойды. Қор өңірдегі газдандыру, электр энергетикасы, электрондық коммерция, пошта қызметі, ақпараттық және коммуникациялық инфрақұрылым саласындағы жобаларды іске асыруды жалғастыруда. Әлеуметтік саланы дамытуға, жергілікті халықтың әл-ауқатын көтеруге баса назар аударылған.

Х. Яссауи мұражайының ерекшелігі –  залдардағы әр экспозиция үшін композиторлар арнайы жазған  музыка ойнап тұр. Мұнда ғалым мен оның шәкірттерінің еңбектері ұсынылған. Бірегей архитектураға ие нысанның алаңы 3000 шаршы метрден асады және 3 қабаттан тұрады. 

Ал 7 мың орындық стадион  УЕФА ережесінің 3-ші санатындағы футбол жарыстары мен IAAF ережесіне сәйкес жеңіл атлетикадан жаттығулар өткізуге арналған.


«Оқушылар сарайын» салу арқылы Қор өңірдегі балалардың музыкалық-эстетикалық тәрбие алуына мүмкіндік сыйлады.  

«Қазпошта» АҚ Түркістан облыстық филиалы ғимаратында «Цифрлық кеңсе», орталық операциялық аймақ,  сәлемдеме супермаркеті, сұрыптау пошта бөлімшесі, филиалдың бас кассасы бар.

Қор елдің әлеуметтік саласына баса назар аударып, үнемі қолдау көрсетеді. Былтыр Арыс қаласын қалпына келтіруге белсенді қатысып, 68 әлеуметтік нысанды – 16 мектеп, 36 балабақша, 8 денсаулық сақтау, 4 спорт нысаны, колледж, теміржол вокзалы, Даңқ аллеясы мен орталық алаңды қалпына келтірді.