25 қар, 2022 сағат 16:23

«Самұрық-Қазына» АҚ Маңғыстау облысында әлеуметтік саланы дамытуға 4 миллиард теңгеден астам қаржы бөлді


«Самұрық-Қазына» АҚ қайырымдылық көмек көрсету кезінде жобалардың жүйелілігі мен компаниялары орналасқан өңірлерді дамытуға басымдық береді. Осы орайда Маңғыстау облысы бойынша әлеуметтік жобалар мен қайырымдылыққа бөлінген қаражаттың көп болуы кездейсоқ емес. Себебі «Самұрық-Қазына» АҚ портфельдік компаниялары мен еншілес кәсіпорындарының аталған аймақ өміріне белсенді араласу жергілікті халықтың тұрмыс жағдайы мен экономикалық тұрақтылығына орасан зор септігін тигізетіні анық.

Осы орайда барша «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының атынан қайырымдылық қызметімен айналысатын «Samruk-Kazyna Trust» қоры Атырауда басталып, Жаңаөзенде жалғасын тапқан баспасөз турын Ақтау қаласында аяқтады. 

Бүгін тиісті шараларға қатысушылар облыс орталығындағы барлық әлеуметтік басым бағытта іске асырылған нысандар жұмысымен танысты. Оның ішінде «Қамқорлық» оңалту және ерте араласу орталықтары ашылды.


Жалпы, 2016 жылдан бастап, Маңғыстау облысында «Samruk-Kazyna Trust» қорының қолдауымен 4,2 миллиард теңгеден астам сомаға 42 әлеуметтік жоба іске асырылды. Биыл ғана өңірде 1,8 млрд теңге сомаға 8 жоба мақұлданды.

Сонымен, бүгінгі баспасөз туры барысында, облыстық көпсалалы балалар ауруханасы аясында бірден екі «Қамқорлық» балалар емдеу мекемесінің – ерте араласу мен оңалту орталықтарының салтанатты ашылуы өтті. Жобаның мақсаты - церебральды сал ауруы мен нейро-ортопедиялық бұзылулар диагнозы қойылған балаларды заманауи және сапалы оңалтуға қажетті жағдай жасау. Әр орталық жылына 600 баланы тегін қабылдай алады. Бұл оңалтудан орталықтарына қабылдану учаскелік педиатрдың жолдамасын алу қажет. Жоба бюджеті 261,5 млн теңгені құрады.


«Бұрын Ақтауда оңалту орталығы болмаған, біз Алматы мен Астанаға барып емделіп жүрдік. Енді қаламыздағы «Қамқорлық» орталығына келіп ем алып жүргенімізге өте қуаныштымыз. Баламның жасы қазір алтыда, оның көрсетіп жатқан нәтижелері мені қатты қуантуда. «Самұрық-Қазына» демеушілігінің және оңалту орталығының ашылуының арқасында мектепке уақытында барамыз деген ойдамын», - деді Ақтау қаласының тұрғыны Кәмшәт Ешниязова.

«Біз Астанадан келген мамандардан білім алдық, Қор заманауи жабдықтар сатып алып, қызметкерлердің жұмысы мен науқастарды емдеуде барлық жағдайды жасауда. Бүгіннен бастап балалар ем алуға келе бастады, оларға қазір қабылдау кестелері дайындалуда. Біз өз тарапымыздан балаларға жан-жақты көмек көрсету үшін бар күшімізді саламыз. Ерекше балалары бар көптеген отбасыларға өз отанынан қажетті мамандардың қызметтерін алуға мүмкіндік бергені үшін демеушілерге алғысымыз шексіз», - деді «Қамқорлық» оңалту орталығының аға медбикесі Гүлшат Досымбаева.


Осы жылдың тамыз айында Маңғыстау облыстық перинаталдық орталығы «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобынан заманауи гипотермия аппараты мен энцефалография мониторын алды. Орталық директоры Жапырақ Епенова аталмыш уақыт ішінде аппарат бес жаңа туған нәрестенің өмірі мен денсаулығын сақтап қалғанын айтады. Үстіміздегі жылы гипотермия жабдықтарын Шымкент, Орал, Талдықорған, Өскемен қалаларының перинаталдық орталықтары да иеленді. Жобаның жалпы құны 132 миллион теңгені құрады.

«Саламатты Болашақ» жобасын қолдау арқылы Қазақстан бойынша жаппай ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған бейімделген спорт секцияларын ашу жалғасуда. Ақтауда кәсіби жаттықтырушылар 28 ерекше балаға жаңа паралимпиадалық спорт түрі – боччаны үйретуде. Керек құрал-жабдық пен жаттықтырушылардың жұмысына 2,9 млн теңге қаражат бөлінді. Атап өткен жөн, жоба аясында келесі жылы осы спорт түрінен алғашқы жарыстарды өткізу жоспарлануда.