14 қаз, 2024 сағат 12:01

«Сахнада 30 жыл». Майра Мұхамедқызының жеке концерті өтті

Фото:  Мәулен Мұқатаев. "Астана Опера" театры

ҚР еңбек сіңірген әртісі Майра Мұхаммедқызының сахнада жүргеніне 30 жыл толуына орай «Астана Операда» танымал опера әншісінің жеке шығармашылық концерті өтті.

Өткен сенбіде өткен концертте Рихард Штраустың «Так сказал Заратустра», Франц Шуберттың «Серенадасы», сондай-ақ, Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің «Майрасы», Абай Құнанбаевтың «Көзімнің қарасы» сияқты жиырмадан артық шығармалдар орындалды.

Майра Мұхамедқызының өзі концертте 30 жылда орындаған әндерінің ішінен іріктеп-таңдап, үздік шығармалары орындағанын айтты. Ол өз сөзінде шығармашылық жолында бай тәжірибе жинағанын, концертте сонымен бөліскісі келетінін айтты.

«Өмірбаяныма жақындастырып, концерттік бағдарлама құрдық»

«Сахнада 30 жыл жүру біреуге көп, біреуге аз. Бірақ сахнаның қызығына батып жүріп, уақыттың қалай тез өтіп кеткенін сезбей де қалдым. Сахнада не айтсам екен, нені көрсете аламын деп ойлана отырып, 30 жылда қандай тәжірибе жинадым деп артыма үңілсем, 50 шақты операның басты рөлдерін айтыппын, композиторлардың әнінен бөлек 100 қазақтың халық әнін орындаппын. Сондықтан менің қоржынымда біраз дүниелер бар. Содан өзім орындаған барлық шығармалардың арасынан іріктеуіме тура келді. Бір шығарманы таңдасам, екіншісін қимаймын. Барлық жақсы шығармаларды халыққа көрсеткім келеді. Сонымен таңдап, режиссермен ақылдасып, менің бала күнімнен бастап, Шымкент опера және балет театры директоры қызметіне дейінгі жүріп өткен жолымдағы шығармалардың інжу-маржандарын таңдап, өмірбаяныма жақындастырып, 2 сағаттық концерттік бағдарламаны құрдық», -дейді Майра Мұхамедқызы.


Танымал опера әншісінің сахнадағы 30 жылдық мерейтойына байланысты өткізілген концертінің ерекшелігі ешқандай жүргізуші болмауында. Әншінің барлық өмір жолы үлкен экранда жазылып тұрды. Мұндағы әншінің мақсаты өзінің өмірі мен шығармашылық жолын әнмен жеткізу. 

Концертте Майра Мұхамедқызы орындаған әндердің арасында өте күрделі шығармалар бар.  Мысалы Эйтор Вилла-Лобостың «Бразильская бахиана No5» деген шығармасын екінің бірі айта алмайды екен. 

«Өйткені ол шығармада адамдардың ішкі жан дүниесіндегі жан айқайы беріледі. Басқаша айтқанда, Құран бағыштаған сияқты әсер беретін өте ауыр шығарма. Бұны баяғыда композитор 8 виолончельге арнап жазған. Соны оркестормен емес, 8 виолончельдің сүйемелдеуімен айтып көрсем қайтеді деп, сондай күрделі шығарманы орындадым», -дейді ол. 


Фото:  Мәулен Мұқатаев. "Астана Опера" театры

«Әр бір рөл сенің балаң сияқты»

Одан кейін, Дж. Вердидің «Трубадур» операсынан бір сахна толық көрсетілді. Онда көрініс қойылып, ария хорменен бірге үлкен дуэт шырқады.

«Одан кейінгі үлкен шығармалар менің Францияда 7 жыл жұмыс істеген тәжірибемнен алынды. Оның да ішінен концертте орындайтын шығармаларды таңдап алу оңайға соқпады. Ақыры таңдап жүріп менің ең көп орындаған танымал партияларымның бірі Шарль Гуноның «Фауст» операсын орындауды шештім. Әрине 50 шақты операның барлығын көрсете алмайсың ғой. Анау да менің сүйікті операм, мынау да менің сүйікті рөлдерім. Әр бір рөл сенің балаң сияқты ғой. Балаларыңды мынаны жақсы көремін, мынаны жақсы көрмеймін деп бөліп-жарып айта алмайсың ғой, сол сияқты орындайтын шығармаларды да қимайсың», -дейді Майра Мұхамедқызы.


Фото:  Мәулен Мұқатаев. "Астана Опера" театры

Әлемдік классикалардан бөлек маэстро қазақтың халық әні «Ағажай Алтай» сияқты әндері симфониялық оркестордың сүйемелдеуімен орындады. 

«Бұл ән бүкіл қазақтың тағдырына жазылған ән ғой. Біздің аталарымыздың біразы Қытайда қалып, жартысы бергі бетте қалып қойды. Ал сол аталарымыздың бүгінгі қарлығаштары, мен тарихи отаныма оралдым. Осы әнменен тарихи отанымда мені отандастарым қабылдады, жақсы қарсы алды, осы ән көпшіліктің жүрегінен орын алды», - дейді опера әншісі.


Майра Мұхамедқызы көптеген байқауларға қатысып, жүлделі орындар алғаны да белгілі. Концертте ол байқауларда орындаған партиялардан үзінді романстар шырқады.

«Тыңдармандарымның қуанышынан асқан бақыт жоқ»

«Оның ішінде Португалияда алған бірінші орын, сосын музыканттардың арасында Чайковский байқауы оллимпиада сияқты 4 жылда бір өтетін өте беделді байқау.  Мен сол байқауда қазақ әншілерінің арасында алғашқы лауреатымын», - дейді ол. 


Фото:  Мәулен Мұқатаев. "Астана Опера" театры

Концерт Т. Жармұқаметтің «Домалақ Ана» операсынан көрініспен аяқталды. Бұл қойылымда Шымкенттік өнерпаздардан құралған 60 адамнан тұратын хор айтылды.

«Мен үшін тыңдармандарымның жүректері сәл де болса сілкініп, концерттен әсер алып, қуанып қайтса, содан асқан бақыт жоқ», -деп отыр маэстро.


Әншінің концерті өтетіні туралы жарнама шыққаннан бастап, еліміздің түкпір-түкпірінен концерт қоюға шақырып жатқандар бар көрінеді. Майра Мұхамедқызы демеушілер табылса Қазақстанды аралап концерт қойғысы келетінін де айтты. 

Дайындаған: Балжан Жеңісқызы