16 мам, 2017 сағат 10:51

Сақалсыз саясат дін мәселесін шеше ме?

Діни экстремизм мен терроризм XXI ғасырдың басты қаупіне айналғаны баршаға аян. Дегенмен оған қарсы қабылданған әрекеттер халықаралық деңгейде болсын, жекелеген мемлекеттер деңгейінде болсын оң нәтиже бергені шамалы. Керісінше, діни ұрандарды бүркемелеген қылмыстар жаңа аймақтар мен елдерді қамтып жатыр. Сорымызға қарай, аталған келеңсіздік бүгінгі Қазақстан қоғамы үшін де зор нәубетке айналған. Қателік қайдан кетті? Тиісті түйткілдердің түп-тамыры неде? Оны ауыздықтау үшін ұтымды қандай амалдарды қолданған жөн? Осы секілді сұрақтарға жауап іздеп көрелік.

Алдымен ғаламдық деңгейде діннің саясаттануына түрткі болған бірқатар алғышарттарды сөз етсек. Олардың қатарында ХХ ғасырдың орта шенінде Азия, Африка, Таяу Шығыста отарлық жүйеге қарсы күшейген ұлт-азаттық қозғалыстар ойға келеді. Аталғандардың басым бөлігі зор біріктіруші әлеует ретінде дінге жүгінді. Артынан батыс кешегі колонияларының ісіне араласқанда, байлықтарын тонағанда, өзінің құндылықтарын тықпалағанда ислам жергілікті елдердің идеологиялық қалқанына айналып, жан-жақты насихатталды. Ал Палестинадағы, Ауғаныстандағы, Ирақтағы соғыстардың басқа себептері болғанымен, мұсылман әлемінде христиан әлемінің өзіне қарсы жаңа «Крест жорығы» ретінде қабылданды.

Демек, әу баста ислам аталған елдер үшін әділетсіздік пен басқыншылыққа қарсы тұру, төл өркениетін жаңғыртудың тетігі ретінде жағымды да жасампаз қызмет атқарды.

Алайда ресми басшылықтың былықтары, әлеуметтік алауыздықтың өршуі, жемқорлық, әділдіктің орнын авторитаризм басқаны бірте-бірте діни белсенділіктің ішкі саясатқа енуіне әкелді. Қоғамды әділ етудің жалғыз жолы Ислам халифатын қайта құру деп таныған жаңа ұйымдар мен партиялар саяси сахнаға шықты. Ендігі кезекте олар өздерінің зайырлы билігін нысанаға алды. Сәйкесінше бүгінде радикалды діншілдікті жақтаушы жекелеген орталар, атап айтқанда Сауд Арабиясы, Пәкістан, Иран сынды теократиялық елдер осындай қозғалыстарға қолдау көрсетті. Діннің атын жамылып, өздерінің саяси ықпалын арттыруға ұмтылды. Әсіресе, мұндай арандатулар орталық билігі әлсіз, халқы түңілген, руханияты осал елдерде кеңінен етек жайды. Тиісті тізімде Ауғаныстан, Солтүстік Қауқаз, Судан, Сомалиді атасақ жеткілікті. Ал 2010-2011 жылдардағы Араб көктемі оқиғаларынан кейін радикалды исламизм Йемен, Ирақ, Либия, Мысыр, Ливан, Сирия сықылды елдерге таралды.

Назар аударарлық жайт: жоғарыда аталған елдердің басым бөлігінде халықтың дүмпуіне әкеп соқтырғаны жемқорлық, биліктің ауыспай халықпен санаспауы, жастардың қараусыз қалуы, жұмыссыздық, рухани құндылықтардың құлдырауы, демократияның жоқтығы секілді себептер болды. Ал енді бұрынғы билік құлағанда бұл елдерде саяси бос кеңістік – вакуум пайда болды. Ұзақ жылдар бойында жаншылып келген заңды да зайырлы оппозицияның қандай да ықпалы қалмады. Осы ретте астыртын әрекеттеніп, күшін сақтап қалған исламистердің бағы жанды. Алайда билік қолына тиісімен олар саяси қарсыластарын қыруға бет бұрды. Мұның соңы талай халықты ұзақ жылдарға қантөгіске, босқындыққа душар етті.

Қазақстанға оралсақ, діни радикализмнің қаупін ресми орындар тым кеш мойындады. 1990 жылдардың басынан жастарымыз шетелде кертартпа идеологияға уланып, еліміздің өз ішінде сырттан келген діни арандатушылар қаптап жатты. Шешенстан, Дағыстан, Ауғаныстан, Пәкістанға аттанған қандастарымыз жалған жиһад содырларына айналды. Сол кезде отандық сарапшылардың ескертпелері мен дабылына жауапты орындар құлақ аспады. «Ондай бізде болуы мүмкін емес, елді дүрліктірмеңдер» деп сарапшылардың өзіне дүрсе қойды.

Кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс екендігін заман көрсетті. Десе де, діни асырасілтеушілікке қарсы кешеуілдетіп басталған науқанды да нәтижелі деп санау қиын. Неліктен?

2010-2016 жылдар аралығында діни экстремизм мен терроризм қаупі шектен шыққанда елімізде құзырлы мекеме құрылды, жаңа заңдар қабылданды, қауіпсіздік және құқық қорғау орындары күшейтіліп, лауазымдары кеңейтілді. Бірақ содан бергі іске асырылған әрекеттер көбіне мәселенің себептерімен емес, салдарымен күреске бағытталды. Атап айтқанда, олардың денін жазалау, тыйым салу, құқықтарды шектеу секілділер құрады. Ал тығырыққа апаратын рухани түңіліп ашыну, дүниауи өмірден безіп дінге жүгіну, жұмыссыздық, діни сауатсыздық, отандық идеологияның әлсіздігі, дәстүрлі дін өкілдерінің рухани бәсекелестікке қауқарсыздығы, қоғамды жайлаған әділетсіздік пен жемқорлық шетімен қалды. Бұл арамшөптің басын ғана қырқып, тамырын қалдырған бос әурешілікке ұқсас.

Рас, таяудан бері діни экстремизм саласындағы мәселелерді талқылау мақсатында ресми мекемелер қоғамдық тыңдаулар ұйымдастыруды қолға алды. Оған дінтанушылар, әлеуметтанушылар, басқа мамандар тартылуда. «Жоқтан бар жақсы» демекші, құптарлық бастама. Алайда сондай жиындарда айтылатын құнды пікірлер мен ұсыныстар, өкінішке қарай, жиі айтылған сөз болып қалуда. Басқаша болғанда шикі шешімдер қабылдана берер ме еді?

Мәселен, ресми деңгейде «заңсыз террористік ұйымдар» деген тіркес кеңінен таралған. Сонда қалай, заңды террористік ұйымдар да бар деген сөз бе? Ара-арасында «заңсыз қарулы бандылық топтар», «тыйым салынған террористік топтар» деген де терминдер бар.

Жалпы, экстремизм мен терроризмге тыйым салу дегеннің өзі түсініксіздеу. Ендеше, айталық, жемқорлыққа, ұрлыққа да тыйым салуға не кедергі? Тек одан не шыға қояр екен? Мұндай үстіртін жолмен түрлі пәлекеттер құрып кетсе игі, әрине. Бірақ олай болмайды ғой.

Сақал қоюды әшкерелеу мәселесі де соған ұқсас. Біріншіден, сақалдылардың бәрі шетінен салафшылар не уаххабшылар деген жаңсақ ұстаным. Басқаша болғанда христиан шіркеуінің қызметшілерін, иудей синагогасының раввиндерін, тіпті кәдімгі сән үшін сақал қойғандарды қайтпекпіз? Екіншіден, сақал қою-қоймау, шаш өсіру не тақыр бас жүру адамның жеке ісі ғой. Мемлекеттің оған араласуы қаншалықты заңды? Үшіншіден, сақалды қырып тастағанмен, адамның сана-сезімі өзгеріп шыға келуі де күмәнді шаруа.

Шын мәнісінде кез келген экстремизмді болдырмау үшін адамдарды экстремалды, яғни қысылтаяң жағдайға итермеу керек. Ол – жұмыссыздық, әлде әділетсіздік, кедейлік пен бюрократия, өз мүддесін заңдық жолмен шеше алмау. Бірінші кезекте бұл буыны қатпаған, сана-сезімі бекіп үлгермеген, тиісінше зиянды ықпалға көнгіш жастарға қатысты. Тәжірибе көрсетіп отырғандай, экстремистік қозғалыстар таралуға икем жерлер: ол – негізінен алғанда, әлеуметтік-экономикалық ахуалы мүшкіл аудандар, мәдениет пен білім ошақтарына кемтар моноқалашықтар, түрмелер т.б. Демек, мәселені түбегейлі шешу үшін азаматтардың өмірлік қажеттіліктерін өтеу, жұмыспен, тұрғын үймен, әлеуметтік баспалдақтармен қамту, заң алдындағы теңдікті қамтамасыз ету, азаматтық құқықтар мен бостандықтарды шектемеу, имандылыққа бет бұру сияқты шаралар қажет.

Тиісті түсіндірме-насихат жұмысының маңызы да зор. Сөз болып отырғаны – мүфтият, мешіт, діни тағылым беруші мекемелердің белсенділігін арттыру, бұл іске зиялы қауымды, зайырлы білім беретін орындарды, баспасөзді кеңінен жұмылдыру. Бұл тұрғыда, әсіресе, теледидардың әлеуеті жеткілікті түрде пайдаланылмай келеді. Әзірше дін тақырыбына арналған жалғыз ғана арна бар, оның өзінің редакциялық саясаты кейде түсініксіз.

Ал ең бастысы – жоғарыда атап өтілгендей, экстремизм мен терроризмге әдетте руханиятын, ұлттық болмысын әлсіретіп алған не жоғалтқан, арып-ашыған ұлттар ұрынады. Демек, бөгде, арам пиғылдағы идеологиялардың жетегінде кетпеудің күре жолы – руханиятты жаңғырту. Бұл адам ағзасын қауіпті аурулардан сақтап тұратын иммунитет секілді. Біздің жағдайда меңзеліп отырғаны – қазақ тілін дамытуға, қазақ мәдениеті мен әдебиетіне, дәстүрі мен дүниетанымына, тарихы мен бабалар тағылымына арқа сүйеу. Ал осы құндылықтар бүгінгідей атүсті қарастырыла берсе, жағдайдың оңалу орнына одан әрі ушығуы әбден мүмкін.

Әрине, айтылған ұсыныстар екі-үш күннің, тіпті екі-үш жылдың мәселесі емес. Талай жылдардан бері қордаланып, тарқатылмай келген түйткілдер жеңіл-желпі, асығыс-үсігіс шешіле салмайды. Күрделі мәселелерді шешу үшін күрделі шешімдер қажет. Ол үшін әділ де шынайы талдау және соның негізінде кешенді іс-қимылдар жоспары қажет.

Расул ЖҰМАЛЫ,
Саясаттанушы

"Жас Алаш" газеті