06 мам, 2021 сағат 14:43

Сағынтаев жасыл желекті, көшеттерді күтіп ұстауды тапсырды


Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен жұмыс кеңесінде мегаполистегі көгалдандыру мен көшеттерді күтіп ұстаудың өзекті мәселелері қаралды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Алматыда биылғы көктемде 50 мыңнан астам ағаш отырғызылды. Жақын арада тағы 15 мыңға жуық көшет отырғызылады. Жалпы, биыл күзгі маусымда Jasyl Almaty бағдарламасы аясында қаланың жасыл қорын 290 мың ағашқа көбейту жоспарда. 

Мысалы, қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың жұмыс сапарының бірінде айтылған әрі Алатау ауданының «Нұркент» және «Ақбұлақ» шағын аудандары тұрғындарының тілектеріне сай Рысқұлов даңғылы бойындағы бөлу жолағы көгалдандырылады, мұнда 650 қарағаш отырғызылды. 

Жетісу ауданының «Көкжиек» шағын ауданында 8 450 ағаш отырғызылды, оның ішінде пирамидалы терек, күміс терек, сондай-ақ жеміс ағаштары – «алтын керемет», «американка», «лимонка» сынды алма ағаштары мен Никитинский өрігі. 

«Жасыл аула» акциясы аясында 109 мекенжай тұрғындарына 1500 жапырақты көшет таратылды. 

Кеңес барысында Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев жасыл желектерді күтіп ұстауға бақылауды күшейтуді, көшеттер мен бұрыннан бар ағаштарды, сондай-ақ гүлзарлар мен газондарды суаруды тапсырды. 

Қала әкімінің тапсырмасы бойынша өткен жылдан бастап аумақтарды көгалдандыру кезінде гүлдердің көпжылдық түрлеріне баса назар аударылды. Биылғы көктемде гүлзарлар мен клумбаларды жасағанда көпжылдық өсімдіктердің жалпы алаңы 42% -ға жеткізілді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 30% -ға артық. Келер жылы көпжылдық өсімдіктердің үлесін 55%-ға дейін арттыру жоспарлануда. 

Мегаполис басшысы қалалық кеңістікті көгалдандыру кезінде ландшафтты дизайн жөніндегі мамандардың ұсынысын ескеру қажеттігіне назар аударды.