Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша кеңейтілген кеңес өткізді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Кеңеске мемлекеттік, құқық қорғау және әскери органдардың басшылары, судьялар корпусының өкілдері, мәслихат депутаттары, жоғары оқу орындарының ректорлары, медицина мекемелерінің басшылары, мектеп пен колледж директорлары қатысты.
Кеңесті ашқан Бақытжан Сағынтаев Мемлекет басшысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мемлекеттік саясаттың басым бағыты болып белгіленгенін атап өтті.
Алғаш рет заң деңгейінде басшылардың сыбайлас жемқорлықта құқық бұзушылықтары үшін дербес жауапкершілік бекітілді.Сондай-ақ басшының ұжымда сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша өз міндеттерін жүйелі түрде орындамағаны үшін және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша шаралар қолданбағаны үшін жауапкершілік енгізілген.
«Біздің мақсатымыз – қоғам, бизнес және тұтастай алғанда адамдардың өмірі сыбайлас жемқорлықтан ада болуға жағдай жасау», – деді қала әкімі Бақытжан Сағынтаев. Бұған қоса сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың тиімділігі уақтылы әрі үйлестірілген болу керектігін айтты.
Алматы қаласы жемқорлыққа қарсы қызметінің басшысы Қайрат Сүнтаев қаладағы сыбайлас жемқорлықтың ахуалы туралы баяндап берді.
«Біз бұрынғыдай әділдік пен заңдылықты алға қойып, әрбір сыбайлас жемқорлық фактісіне принципті және ымырасыз қарайтын боламыз», – деп атап өтті қалалық сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомствоның басшысы.
Жиын барысында қала әкімі мемлекеттік органдардың басшыларына сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы жұмысты күшейтуді, «Алматы – адалдық алаңы» жобасын жандандыру және халыққа құқықтық көмек көрсететін «Мейірімділік акселераторы» қоғамдық қозғалысын қолдау бойынша бірқатар тапсырмалар берді.